Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті
Фото: t.me/aqorda_resmi 12.04.2024 20:00 580

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекеттер басшылары бірін-бірі барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айт мейрамымен құттықтап, Қазақстан мен Тәжікстан халқына бақ-береке тіледі.

Тәжікстан Президенті еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқынына байланысты қолдау білдіріп, қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы тілеулестік танытқаны үшін Тәжікстан Президентіне алғыс айтып, қазіргі таңда су тасқынымен күрес жұмыстары толықтай бақылауда екенін, Үкімет апат салдарын жою үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатқанын айтты.

Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі нығайту перспективасын талқылады. Екі елдің үкіметтеріне саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру тапсырылды.

Мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулер кестесін қарастырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға