Жаңалықтар

Қасиетті Құранда жазылған сана домбыра туралы білесіз бе?

Қасиетті Құранда жазылған сана домбыра туралы білесіз бе?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 02.07.2023 18:05 2322

«...Домбыра сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма,

Тілден анық үн барда.

Домбыраның күші мол,

Көмейінде күй барда...» деп жырлайды құлагер ақын Ілияс Жансүгіров. Домбыраны ардақтамайтын қазақ жоқ. Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Осы ұлық мерекеге орай, құранда айтылған сана домбыра туралы және оның емдік қасиеті хақында сөз етпекпіз.

Домбыра – қасиетті аспап. Оның қасиеті неде? Қазақ не үшін киелі санаған? Төріне іліп, үкі тағып ардақтауының сыры неде? Шын өнерпаздың тағдыры туралы сөз қозғалғанда оның домбырасы жайлы әңгіме де қатар өрбиді. Иесі бақиға көшкен домбыраның ішегі үзіледі, не ілулі тұрған жерінен құлап сынады. Осылайша иесімен рухы біте қайнасып кеткен аспаптың да ғұмыры аяқталады. Домбыраның мистикаға жақын рухы туралы жазушы, мифолог Зира Наурызбаева «Күндес» атты киноповесінде жазады. «Мифология бойынша саз өнері дарыған адамның төл аспабы рух әлемінде жары деп есептеледі» дейді жазушы. Атам қазақ күйші қайтыс болғанда домбырасын теріс қаратып ілетін болған.

Әрине, домбыра ағаштан шабылады. Ал ағаштың төркінін тергесек тым бағзыға кетесіз. Түп-тамыры мифологияда айтылатын өмір ағашы, мықан ағаш деген ұғымдарға барып саяды. Бұл ұғым – домбыраның қасиетін арттыра түседі. Домбыраны ағаш біткеннің бәрінен шаба бермеген. Қас шеберлер аспап шабарда кәделі, текті ағашты таңдап алатын болған. Ертедегі адамдар «Ағаштан не зат жасалса, қасиеті соған ауысады» деп түсінген. Қазақ баласы ағашты да өз алдына жанды дүниеге, тіршілікке балаған. Киесі бар, иесі сескенеді деп албаты балталамаған. Бұл күллі дүние халқына ортақ ұғым. Ертедегі тұңғыс халқында «ағашты кескенде ауырсынып жылайды-мыс» деген наным-сенім болған. Түркі халықтарын «өсіп тұрған ағаштың қабығын алып тастаса мал қырылады» деп санаса, немістер «емен мен қарағай ағаштарында бүкіл тіршілік иелерінің жаны мекендейді» деп сенген. Бұл жайлы мысалды жүздеп келтіруге болады.

Бұрынғының адамдары науқастың беті бері қарамайтынын білсе қиналмай үзіліп кетсін деп, киіз үйдің немесе там үйдің ағашын жонатын болған...

Осы киелі ағаштан шапқан домбыраға тылсым күш бітеді. Сақа шеберлер өзі өмірге әкелетін аспапқа ағаш таңдарда тауға шығып, әлденеше күн желдің ық жағына жатып, соның ішіндегі өзгеше дыбыс шығарып, сыңси үн төгетін шерлісін ғана қиятын болған. Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Тәттімбет сері» романында найзағай түскен ағаштан домбыра шабылатыны туралы дерек келтіреді.

Көк Тәңірінің қалауымен жаратылған заттың бірі – сана домбыра. Ол Құранда да айтылады. Бұл туралы аспаптанушы-этнолог Зәбира Жәкішева өрелі зерттеулер жасаған. Тәңірінің құзыры түскен адамдар ол белгілеген заттарды пайдаланып, дауа алып, жаңа рухани сана өзгерісіне түседі. Сана домбыраны Қақ жолына бас иген адам ғана пайдалана алады. Мұны қасиетті Құранда жазылған: «...Көк періштелерінің әрқайсысының қолында домбыраға ұқсас әлдебір алтын аспап...» деп келетін тәңірлік сөзден аңғаруға болады. (Дереккөз: Інжіл-Шәриф. Аян тақырыбы. – Стамбул, 2002)

«Дінтанушы ғалымдар мен жоғары дәрежелі емші-бақсылар қолданатын «материалдық жұлдыздар», «рухтар галактикасындағы жұлдыздар» деп айтылатын сөздер бар. Рухтар галактикасындағы жұлдыздармен Алланың назарына іліккен ерекше жаратылған адамдар мидың кейбір қасиеттері арқылы байланысқа түсе алады. Бұл құбылыс – Алланың шапағатына бөленген сібірлік түрік бақсыларының рухтарымен байланысқа (трансқа) шыға алатын «көктің тоғызыншы қабаты» деп аталатын түсінікке сай келеді» дейді З.Жәкішева.

Сана домбыраның жасалуы туралы З.Жәкішева «Аспаптану» атты еңбегінде халықаралық дәрежелі емші О.Сандыбайұлының дерегін келтіреді.

...Сана домбырамен ән, жыр, терме, күй орындап, адам рухын тазартуға болады. Домбыраның шанағы ақ қайыңнан (ақ шәмшаттан) тұтас шауып жасалады. Бет қақпағының қалыңдығы 7 мм. етіп жасалса, емдік қасиеті зор болады. Басы қошқар мүйіз етіп ойып жасалып, қақпақ бетінде шағын айна, төрт ай, жұлдыз белгісі, тиісті Құран дұғасы, үндестік иірім, үш тау және қызғалдақ белгісі салынады. Беті табиғи желіммен немесе ағаш шегемен жабылады. Сана домбыра емдік қасиеті бар дауа домбыраға айналу үшін қасиеті зор адыраспан мен мәусектің кепкен 8 тамырын шанақтың саға тұсына арасы 1 см. болып келетін ұяларға тікесінен орнатылады. Үстіңгісі ешкі ішегінен, ал астыңғысы қойдың ішегінен, пернелері үш айлық еркек қозы ішегінен тағылады. Ол үшін қазан мен қараша айларында төрт жасар ешкі мен қозыны екі күн ашықтырып ұстап сояды. Аштықта ұсталған қозының ішкі ащы ішектері таза болып келеді. осы ішектерді қос уыс адыраспан салынған қайнаған суға 15 минут бұқтырып, суытылған, сүзілген емдік тұнбада 15-20 минут қанықтырады. Қой ішегі – оңға, ешкі ішегі – солға иіріледі. Сана домбыраға табиғи түрде дайындаған желім қолданылуы міндетті. Ол үшін екі жасар өгіз терісінен екі келідей кесіп алып, оны жүнінен тазартады. Жабық ыдысқа бес литр су құйып, екі  күн бес сағат бойы қайнатады. Қайнатып жатқан кезде Алла тағалаға сиынып, «Ха Мим» дұғасын 15 рет қайталау қажет.

 З.Жәкішева домбыра бетіне салынған белгілердің аспандық және жерлік мағынасы бар дейді. Мәселен, «жұлдыз» адам өмірінің аспан жұлдыздарымен байланыстылығынан хабар берсе, «тау» қазақ ұғымында биіктік пен асқақтықтың белгісі ретінде, «қызғалдақ» қасиетті наурыздың келгенін білдіретін алғашқы өскін-гүл саналады. Ал «қошқар мүйіз» қазақтардың ұғымында ою-өрнек үлгілерінің атасы және қасиетті құрбан малы деп саналады.

Осылайша, перғауын заманынан бар домбыраны қазақ кемел биігіне жеткізді. Қазақтар арасында көне нұсқаларынан бастап қазіргі «Алтай домбыра», «Абыз домбыра», «Сана домбыра» нұсқасына дейінгі дамыған үлгілері қалыптасты. Бұл – қасиетті домбыра аспабы туралы әңгіменің бір ұшқыны ғана.

Біз бүгінгі таңда киелі домбыраның қадір-қасиетіне жетіп, шын бағасын бере алып жатырмыз ба? Домбыраның бойындағы құдіретті үркітіп алған жоқпыз ба? Домбыраның киесі – қазақтың киесі. Сол үшін әр жылы Ұлттық домбыра күні аталып өткенде осы ұлылықты ұмытпай, ұрпаққа ұлықтасақ екен! Ұлық мереке жақындағанда ғана еске түсіп, 5-6 домбырашының басын қосып атап өтуді мақсат етпей тереңіне көбірек үңілген жөн. Арнайы осы саланы жан-жақтылы зерттейтін аспаптану институты ашылса ұлт үшін, рухани құндылық үшін мерей болар еді!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға