Жаңалықтар

«Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп отыра бересіздер?» Мәжілісмен Премьер-министрге сауал жолдады

«Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп отыра бересіздер?» Мәжілісмен Премьер-министрге сауал жолдады
Фото: t.me/mazhilis_kz / t.me/KZgovernment 12.04.2023 11:16 1209

Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өзінің кезекті депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутат соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиілгенін тілге тиек етті.

«Өңірде өз мәселелері шешілмеген бір топ маңғыстаулық мұнайшы күні кеше Астанаға келді. Осындай оқиға бас қаламызда өткен жылы да болды. Кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компания «Самұрық-Қазына» компаниясы талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып шағымданған болатын. Мәселен, Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен келісімшарт ала алмай қалса немесе баға демпингінен келісімшарт сомасы едәуір төмендесе, 90 пайыз жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады», – деді ол.

Сондай-ақ мәжілісмен өңірдегі мәселелерді шешумен кешенді түрде айналысу керектігін, қазір көзді жұмып отыра беретін уақыт еместігін алға тартты.

«Бірақ Үкімет «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалынбады, тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп. Оларды кешенді түрде «емдеумен» айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде сізге хат та жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер? Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең «қолымызды мезгілінен кеш сермедік» деп жүрмеңіздер», ­­– деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға