Жаңалықтар

Қаржылық сауаттылық пен байлық формуласы: сарапшы кеңестері

Қаржылық сауаттылық пен байлық формуласы: сарапшы кеңестері
Фото: Фото: © Pxhere.com 10.04.2025 18:48 525

Қарызсыз өмір сүру, бюджетті сауатты басқару және болашаққа сенімді қарау – көбіміздің арманымыз. Кірісті дұрыс бөлу, ақша жинау және қаржылық қақпанға түспеу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Інжумаржан Берден сарапшының пікірін сұраған еді.

Тәжірибелі қаржылық кеңесші Жанар Ғалымқызы Әділбаева ақшаны басқаруды, жинақ қалыптастыруды және қаржылық мақсаттарға жетуді үйретеді. Сарапшымен сұхбат барысында әркімге қаржылық сауаттылығын жақсартуға көмектесетін практикалық кеңестер беріледі.

— Жанар ханым, көптеген адамдар жеке бюджетті басқаруда қиындықтарға тап болады. Егер адам бұған дейін бюджетті басқарумен айналыспаған болса, неден бастау керек? Кірістер мен шығыстарды қалай дұрыс бөлуге болады?

– Жауабымды байлық пен кедейліктің формуласын сипаттаудан бастайын:

Банкроттық формуласы: кіріс < шығыс, яғни шығыстың кірістен көп болуы. Бұл көбінесе қарыз алғанда пайда болады. Кірістер шығыстармен тең, бірақ несие немесе қарызға бірдеңе сатып алса, табыс жетіспей қалады.

Кедейлік формуласы: кіріс = шығыс, кіріс пен шығыстың тең болуы. Қанша тапсаңыз, сонша жұмсайсыз. Мысалы сіз 100 мың теңге немесе 100 миллион теңге тапсаңыз да, бәрін жұмсап қоясыз. Мұндай жағдайда көбіне шоу-бизнес пен спорт жұлдыздары өмір сүреді. Олар миллиондар табады, бірақ оны бірден сәнді өмір салтына жұмсайды.

Кіріс = шығыс + жинақ. Табыс таптыңыз, бір бөлігін жинақтадыңыз, бірақ кейін оны мысалы, техника немесе демалысқа жұмсап жібердіңіз.

Байлық формуласы: кіріс = шығыс + жинақ + капитал. Тек капитал жинақтағанда ғана байлығыңызды арттырып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізесіз. Әркімнің қаржылық еркіндік деңгейі әртүрлі, бірақ осы формуламен өмір сүру керек.

Бұл формуладан қаржылық еркіндікке жетудің басты қадамы – шығындарды басқару, жинақтау және капиталды инвестиция арқылы қалыптастыру екенін көруге болады.

Біз оқушылар мен клиенттермен SMART критерийлеріне сәйкес дұрыс мақсат қоюдан бастаймыз (мақсат нақты, өлшенетін, қолжетімді, өзекті және уақыт шеңберінде болуы керек). Өзіңізге сай, қоғам таңбаған мақсатты іздейміз. Осыған арналған коучингтік әдістерді (өмір теңгерімінің дөңгелегі, болашақ пойызы, мақсат үшін күреске дайындық, қайтарымсыздық ілмегі және т.б.) қолданамын.

Келесі қадам – ойлау жүйесімен жұмыс істеу. Ойлау жүйесі кез келген мақсатқа жетуде шешуші рөл атқарады. Егер қаржылық жағдайыңызды ретке келтіргіңіз келсе, алдымен мақсатыңызды анықтап, барлық кірістер мен шығыстарды есептеңіз.

Кем дегенде үш ай бойы шығындарыңызды жазып отырыңыз. Ақшаңыз қайда кететінін түсінгенде, өмір сүру минимумыңызды есептеп, жинақтау және инвестицияға қанша бөлу керектігін білесіз. Әр табысыңыздан алдымен жинақтауға ақша бөліңіз, содан кейін ғана қалғанын жұмсаңыз.

— Адамдар жеке қаржысын басқаруда қандай қателіктер жібереді және олардан қалай сақтануға болады?

– Ең үлкен қателік – кірістер мен шығыстарды білмеу, жинақ жасамау және инвестицияламау. Бұл көбінесе адамның мақсаты мен мотивациясының болмауынан туындайды.

Мұны болдырмау оңай: мақсат қойсаңыз, жинақтаудың қажеттілігін түсінесіз. Мақсатты санмен анықтасаңыз, сізге қанша ақша керек екенін және қандай мерзімде қажет болатынын білесіз. Осылайша, сіздің кіріс табу, жинақтау қажеттілігіңіз айқын болады.

Негізгі ереже: не қажет екенін, оған қанша ақша керегін, қанша жұмсап, қаншасын жинаққа бөлетіндігіңізді нақты білу.

— Жеке бюджет жүргізу үшін қандай әдістер мен қосымшаларды ұсынасыз?

Қолдануға болатын қосымшалар көп. Бәрі жеке қалауыңызға байланысты.

Мен өзім Excel-ді пайдаланамын, ал кейбіреулер қағазға немесе блокнотқа жазғанды ұнатады. Оқушыларыма дайын шаблондар беремін. Қай әдісті таңдасаңыз да, ең бастысы – ақшаңыздың қайда кетіп жатқанын білу. Бұл жерде ең маңыздысы – жүйелілік пен тәртіп.

— Егер кіріс тұрақсыз болса, мысалы, фриланс немесе маусымдық жұмыс кезінде, қалай ақша жинау керек?

– "Алдымен өзіңе төле" қағидасын ұстаныңыз. Кез келген табыс (жалақы, ақшалай сыйлық, кэшбэк және т.б.) түскен сайын белгілі бір пайызды жинаққа бөліңіз.

Мақсаттың нақты болуы маңызды. Егер мақсат айқын әрі шабыттандыратын болса, ақша жинау да оңайға түседі.

— Қаржылық қауіпсіздік жастығына қанша пайыз табыс бөлу керек және қажетті соманы қалай есептеуге болады?

– Қаржылық қауіпсіздік жастығы – 3-6 айлық шығындарыңызға тең сомма. Бұл күтпеген жағдайлар – ауру, жұмыссыз қалу кезінде 3-6 ай бойы өмір сүру деңгейіңізді сақтауға мүмкіндік береді.

Жинақтау қағидасы: кез келген табыстан белгілі бір пайызды бірден қаржылық қауіпсіздік жастығына бөліңіз. Бұл пайыз әр адам үшін әртүрлі. Ол сіздің өмір сүру минимумыңызға байланысты.

— Егер табыс аз болса, ақша инвестициялауға тұрарлық па? Жаңадан бастаушылар үшін қандай инвестициялық құралдар қолжетімді?

– Егер табысыңыз аз болса, ең алдымен несие мен қарыздарыңызды жабу маңызды. Қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін алдымен қорғаныс жастығыңызды (қаржылық қауіпсіздік қоры) қалыптастырған жөн. Егер несиелеріңіз жоқ, белгілі бір жинақ қаражатыңыз болса, кез келген табыстан инвестициялауға болады.

Инвестицияны небары 10 доллардан бастауға мүмкіндік бар. Егер бастапқы капитал аз болса, Tabys немесе жаңа брокер Paydax арқылы бастауға болады. Paydax платформасы ұнайтын себебі – 100 долларға дейінгі инвестицияларға комиссия алынбайды. Яғни, алғашқы 100 долларыңызды ешқандай қосымша шығынсыз сала аласыз. Сонымен қатар, Paydax-та тәжірибелі инвесторлармен кеңесуге арналған чат бар. Онда сіз олардың стратегияларын бақылай аласыз. Сондай-ақ, әрбір бағалы қағаздың халал немесе халал емес екенін көрсететін арнайы сілтемесі бар.

Ал егер табысыңыз аз болып, қор нарығына инвестициялау мүмкіндігі болмаса немесе қорықсаңыз, ең жақсы инвестиция – білім. Алдымен қаржылық сауаттылықты арттырып, инвестиция негіздерін үйренген дұрыс. Кейін білім мен сенімділік артқан соң, нақты инвестиция жасай аласыз.

Ең бастысы, кішігірім сомалардан бастауға болады. Тіпті 10 доллардан немесе 1000 теңгеден бастауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда арзан бағалы қағаздар көп, сондықтан қор нарығына кіру үшін үлкен қаражаттың болуы міндетті емес. Ең бастысы – бастаудан қорықпау және тәжірибе жинақтау!

– Қиын қаржылық жағдайдан шығып, қарыз бен несиеден минималды шығынмен қалай құтылуға болады?

– Бұл жерде ең бастысы – мақсат қою. Алдымен қарыздарды талдап, толық аудит жасау қажет. Яғни, қаржылық жағдайыңызды нақты түсіну үшін барлық қарыздарыңызды қағазға жазып шығыңыз. Қандай несиелер мен қарыздарыңыз бар? Қанша пайыздық мөлшерлеме? Бұл банк несиесі ме, микроқаржылық ұйым ба, ломбард па, әлде жеке тұлғадан алынған қарыз ба? Барлығын нақты жазып алған соң, өтеу стратегиясын таңдаймыз.

Алдымен ең қымбат несиені жабу керек, яғни ең жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар қарыздан бастап жабу керек. Барлық несиелер бойынша ең төменгі міндетті төлемдерді төлеу. Бос қаражаттың барлығын ең қымбат несиені мерзімінен бұрын жабуға бағыттау. Осылайша, бір қарызды жапқан соң, келесі қарызға көшу.

Ең маңыздысы – қарыздарды жабумен қатар, қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыру. Егер жинақ болмаса, қайтадан қарызға кіру қаупі жоғары. Сондықтан, "алдымен өзіңізге төлеңіз" қағидаты бойынша жалақының белгілі бір бөлігін жинаққа бөліп отырған дұрыс.

Қарыздардан толық құтылып, қаржылық тұрақтылыққа жету үшін, шығындарыңызды бақылау, жинақ жасау және қосымша табыс көздерін іздеу маңызды. Толығырақ несиелерді жабу стратегиясы туралы менің Telegram-каналымда тегін оқи аласыз: https://t.me/+ca8V5MhTNTZjNjFi

– Қаржылық мақсаттарды қалай дұрыс қоюға болады және оларды тезірек жүзеге асыруға қандай стратегиялар көмектеседі?

– Барлық мақсаттарды, оның ішінде қаржылық мақсаттарды, SMART қағидаты бойынша қоюды ұсынамын. Яғни, сіздің мақсатыңыз: Нақты (Specific) – нақты әрі түсінікті болуы керек. Өлшенетін (Measurable) – қол жеткізілгенін бағалай алуыңыз қажет. Қолжетімді (Achievable) – шынайы әрі жүзеге асыруға болатын болуы тиіс. Маңызды (Relevant) – өзіңіз үшін мәні бар мақсат болуы керек. Уақытпен шектелген (Time-bound) – белгілі бір мерзімі болуы қажет.

Мысалдар: Астана қаласының орталығынан 3 бөлмелі пәтер сатып алу үшін 30 желтоқсан 2028 жылға дейін бастапқы жарна ретінде 20 миллион теңге жинау. Анталияға демалысқа бару (5* қонақүй, Белек ауданы), осы жылдың шілде айында, 3 миллион теңге жинау арқылы.

– Мақсатқа тезірек жетуге көмектесетін стратегиялар

Ең тиімді әдістердің бірі – "қайтарымсыздық ілмегі" (петля необратимости). Бұл – сіздің мақсаттан бас тартпауыңыз үшін қолданылатын ерекше тәсілдер: Алдын ала төлем жасау – мысалы, демалысқа билет сатып алу. Жария уәде беру – мақсатқа жетпесеңіз, шашыңызды тақырлап алып тастау немесе әрбір оқырманыңызға 1000 теңге аудару туралы уәде беру. Ең маңыздысы – мақсатқа жету барысын тұрақты түрде бақылау.

– Жанар ханым, біздің оқырмандарымызға қаржылық жағдайын жақсарту үшін қандай басты кеңес берер едіңіз?

– Ойлау қабілетіңізді дамытыңыз. Барлығы біздің ойымызда: шектеулер де, мүмкіндіктер де. Жаңа мақсаттар қойып, өзіңізге сеніңіз! Қаржыда да, өмірде де ең басты көмекшілеріңіз – тәртіп пен мотивация.

– Жанар ханым, пайдалы кеңестеріңіз үшін көп рақмет! Қаржылық сауаттылық – еркіндік пен тәуелсіздіктің кілті. Оқырмандарымыз бұл ұсыныстарды өмірде қолданып, қаржыларын дұрыс басқаруды бастайды деп сенеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға