Жаңалықтар

Қаржылық сауаттылық: Отбасы бюджетін қалай тиімді жоспарлауға болады?

Қаржылық сауаттылық: Отбасы бюджетін қалай тиімді жоспарлауға болады?
Фото: коллаж El.kz 08.11.2024 13:51 7085

«Қанша ақша тапсаң да, жетпейдейді!» Бұл жағдай тапқан-таянғанын тірнектеп жинап жүрген әрбір жанға таныс болар. Мәселенің бір ғана шешімі бар: табыс пен шығынды есепке алу. Отбасы бюджетін жоспарлау қаржыны дұрыс бөлуге және үлкен мақсаттарға ақша жинауға көмектеседі.  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қаржыны қалай дұрыс есепке алу қажеттігі жайлы зерттеп, үнемдеу тәсілдері туралы баяндап берді.

Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа. Сол сияқты әр отбасының да қаржы басқарудағы өз әдіс-тәсілдері бар. Кей отбасыларда бар қаржыны бір адам басқарса, енді бірінде бірігіп шешім қабылдауды қалайтындар болады.

Отбасы бюджетін жүргізуді бірнеше түрге жіктеп қарастырған жөн. Мәселен:

1.Ортақ бюджет. Отбасы мүшелерінің барлық қаржысы шығындарды төлеу үшін бір қалтаға біріктіріледі. Бұл ретте кімнің қанша табыс табатыны маңызды емес. Себебі барлық қаражат - ортақ.

2.Бөлек бюджет. Әр отбасы мүшесі өз қаржысын жеке басқарады, басқаларына есеп бермейді. Шығындар келісім бойынша төленеді. Мәселен, күйеуі ипотека төлемдерін жапса, әйелі азық-түлік сатып алуды өз мойнына алуы мүмкін.

3.Аралас бюджет. Әр отбасы мүшесі ортақ бюджетке өз үлесін қосады. Бұл үлес бірдей сома немесе табыстың белгілі бір пайызы болуы мүмкін. Ортақ қаржыдан коммуналдық төлемдер және азық-түлік сияқты жалпы шығындар төленеді. Қалған қаржыны әркім өз қалауы бойынша жұмсайды.

Қай нұсқа тиімді болатыны отбасы мүшелерінің келісіміне, принциптеріне байланысты. Бастысы – ыңғайлылықта. Сондай-ақ, түрлі ситуацияларға байланысты ұстанымдар өзгеріп отыруы әбден мүмкін.  

Табыс пен шығынды есепке алудың маңызы қандай?

Адамдар бюджетті жоспарлаудан екі себеп бойынша бас тартады. Біріншісі – ақша жетіп артылады. Барлық қажеттіліктер қанағаттандырылады. Сол себепті табыс пен шығынды есепке алудың қажеттігі жоқ. Екіншісі – қаржы жеткіліксіз болған жағдайда, ақша жинау мүмкін емес. Сондықтан бюджетті жүргізу мәнсіз болып көрінеді.

Негізінде қаржылық жоспарлау табыс мөлшеріне мүлдем байланысты емес. Оны кез келген мөлшердегі бюджетте қолдануға болады. Барлық шығындар мен табыстарды есепке алу отбасы бюджетін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жоспарлаудың артықшылықтарына тоқталып өтейік.

  • Қаржылық мақсаттарға жету. Егер табыс мөлшері үлкен болмаса, ақша жинауға тура келеді. Демалысқа, жөндеуге немесе автокөлікке ақша жинау үшін бюджетті есептеу қажет.
  • Ақша қорын жинау. Еңбекке жарамсыздық, жұмыстан айырылу және басқа да күтпеген жағдайлар қосымша шығындарға әкеледі. Қаржылық жоспарлау осындай жағдайларға дайындайды.
  • Шығындарды оңтайландыру. Жоспардан тыс, ұсақ-түйекке жұмсалатын қаражат шығындарының басым бөлігін құрайды. Бюджетті жүргізу әлсіз тұстарды анықтауға және қаржылық «ағындарды» дұрыс бағыттауға көмектеседі.

Бюджетті жоспарлау күнделікті күйзелісті азайтады. Сары уайымға салынбай, қаржатты тиімді басқаруға жағдай жасайды.

Бюджетті қалай жүргізу керек?

Бюджетті жүргізудің ең қиыны – оны жүйелі түрде ұйымдастыру. Табыстар мен шығындарды есепке алу көп уақытты талап етпейді. Десе де жазба жасауға дағдылану қиынға соғуы мүмкін. Есепке алуды ауырсынбай, күнделікті дағдыға айналдыру қажет. Ол үшін төмендегідей әдістерді ұсынуға болады:

  • Қолмен жазу. Блокнот немесе дәптер арнау – жоспарлаудың классикалық әдісі. Жазбалар жасау көп уақытты алғанымен, бұл терең талдауға мүмкіндік береді.
  • Электрондық кестелер (Excel немесе Google). Көпшілік үшін ыңғайлы болып көрінуі мүмкін. Кестелерді өздігінше жасақтауға болады.
  • Арнайы бағдарламалар мен қосымшалар. Бұл қосымшалар есеп жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді. Сол арқылы өміріңіз де жеңілдей түседі.

Бюджетті жүргізудің қай әдісін таңдасаңыз да, бастысы күнделікті шығындарды жазып отырсаңыз болғаны.

Отбасылық бюджетті құруды қалай бастау керек?

Отбасы мүшелері бұрыннан шығындарын есептемесе, бірден бастап кету қиынға соғады. Бұл - хақ.

Бюджетті былай жоспарлауға болады:

1.Бірінші айда барлық кіріс мен шығынды жазып отыру керек. Бастысы - баланстың бар-жоғын, қанша «еркін» қаражат қалғанын білу. Егер ақша жетпесе, қанша қарыз немесе несие алынғанын жазу қажет.

2.Айдың соңында негізгі шығындар санаттарын анықтау керек. Әдетте, бұл -азық-түлік, байланыс қызметтері, коммуналдық төлемдер, көлік шығындары. Әр санат бойынша шығындарды жинақтаған дұрыс.

3.Келесі кезең – шығындарды талдап, сарапқа салу. Әр санаттың бюджеттегі үлесін есептеу керек. Міндетті төлемдер табыстың жартысынан аспауы тиіс. Қалған ақшаны қажетті емес сатып алулар мен жинаққа пропорционалды бөлуге болады.

4.Анализден кейін жоспар құрылады. Әдетте адамдар импульсивті сатып алуларға көп беріледі.  Сондықтан жинақ пен инвестицияларға қаражат жетпей жатады. Шығындарды қайта қарап, артық шығындарды алып тастап, қалаған нәрселерді қосу қажет.

5.Жоспар дайын болған соң келесі айға мақсат қою керек. Мақсаттар түсінікті және қолжетімді болуы тиіс. Мысалы, жұмысқа барар жолда кофе сатып алмай, бұл соманы демалысқа жинақтау дегендей.

6.Жаңа мақсаттарды ескере отырып, келесі айда шығындар мен кірістерді жазуды жалғастырған жөн. Айдың соңында талдау жасап, алдағы жоспарды құрастыру керек. Осы кезеңде үлкен қаражат жинақтау үшін ұзақ мерзімді мақсаттар қойған дұрыс.

Бюджет жоспарлауға үш-төрт айда үйренуге болады. Осы уақытта кірістер мен шығындардың нәтижелері айқын көрінеді. Қаржы дұрыс бөлінсе, отбасы көп нәрсені жоспарлай алады. Бұл өз кезегінде, бюджетті әрі қарай жүргізуге ынталандырады. Осылайша қаржылық мақсатқа тез арада жетуге болады.

Жеке/отбасылық бюджетті жоспарлау

Кез келген бюджет табыс пен шығындардан тұрады. Бұл - қанша табуды және қанша жұмсауды жоспарлайсыз деген сөз. Бюджетті жоспарлауды табыстардан бастау керек. Себебі олар шығындарыңызды шектейді.

Табыс көлемінен артық жоспарламаңыз

Бюджет тапшылығын жабу үшін қарыз алу — нашар стратегия. Қарыздың бәрін қайтарған жөн.

Кездейсоқ табыстарға сенбеңіз

Бюджетке тек тұрақты табыстарды қосқаныңыз дұрыс. Сол кезде әртүрлі тосын сыйлардан аулақ боласыз. Бір реттік табыстың бір бөлігін демалыс пен ойын-сауыққа жұмсауға болады.

Шығындарды маңыздылығы бойынша тізбектеңіз

Шығындардың тізімін міндетті төлемдерден (несие, пәтерақы, салықтар, балабақша ақылары) және тамақ, киім-кешек, көлік сияқты шығындардан бастаңыз. Егер сізде несие болмаса, ұзақ мерзімді жинаққа біраз соманы қосуды ұмытпаңыз.

Алдыңызға ұзақ мерзімді мақсаттар қойыңыз

Егер міндетті шығындардан артығы қалса, оны болашақтағы ірі шығындарға қосып,  жинақтаңыз. Мәселен, демалыс, көлік сатып алу немесе ипотеканың алғашқы жарнасы.

Жоспардан ауытқымаңыз

Жоспарға үйрену қиын. Бірақ айлық жоспарларыңыз кездейсоқ тілектердің әсерінен өзгермеуі керек.

Шығындарды есепке алыңыз

Жеке бюджеттің шығын көлемі тұрақты бола бермейді. Түрлі тауарлар мен қызметтердің бағасы әртүрлі қарқынмен өседі. Әрі қажеттілігі де өзгеріп отырады. Шығындарды жүйелі түрде тексеріп отырыңыз. Егер шығынның бір бөлігі қалтаңыздан қақса, оны тезірек жауып тастау мүмкіндігін қарастырыңыз.

Отбасылық бюджетті жүргізу – қажеттілік

Бүгінде экономикалық белгісіздік жаңа нормаға айналуда. Сол себепті отбасылық бюджетті жүргізу – пайдалы дағды ғана емес, қажеттілік. Сауалнамалар мен статистикалық мәліметтерге сүйенсек, көптеген елде отбасы бюджетін жүйелі түрде жүргізбейтіндер көп. Бұл көбінесе қаржылық қиындықтарға әкеледі.

Отбасылық бюджетті жүргізудің мәнін түсінген жөн

Отбасылық бюджет — кіріс пен шығыстың жай кестесі емес. Экономист Владимир Кокшаровтың айтуынша, бұл — отбасылық қаржыны тиімді басқаруға көмектесетін негізгі құрал.  Ақшаны қайда жұмсау керектігін анықтап, қаржылық мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бюджет үй шығындарын қадағалап, үнемдеу және қарызды өтеу үшін қай шығындарды қысқартуға болатынын көрсетеді.

Қаржы жоспарлау бойынша сарапшы кеңесі

Көптеген қазақстандық отбасыда табыстың негізгі көзі бір адамға тәуелді. Егер ол жұмысынан айырылса, отбасы сол сәттен-ақ қиындықтарға тап болып, шығындар табыстан асып түседі. Отбасылық бюджет жағдайды жақсартуға көмектеседі. Мамандардың айтуынша, үнемдеуді ай сайынғы шығындарды талдаудан бастау керек. Коммуналдық шығындарды қайта қарап, энергия үнемдеу арқылы шығындарды азайту ұсынылады.

Қорытындылайық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Отбасылық бюджетті сәтті жоспарлау үшін қажетті кеңестер төмендегідей:

Шығын мен кірістің нақты есебін жүргізу;

Міндетті түрде артық ақша ұстап, қалаған затты сатып алуға жинау;

Ақша үнемдеймін деп, өзіңе көп шектеу қоймау;

Қаражат мәселесі көтерілгенде серіктестің позициясына құлақ түріп, ортақ байламға келуге тырысу. Бірақ өз қалауын да ұмытпаған абзал;

Жалақы түскен бойда ақшаны шығындарды азайтуға жұмсау;

Несие картасын қолданған кезде абай болу. Несиенің берілуі шарттарымен мұқият танысу.

Қалаған затқа ақша жинау мақсатын көздесеңіз, нақты сома тағайындап, ай сайын депозитке аударып отыру. Банктердің қосымшаларында ай сайын шоттан белгіленген мөлшердегі ақшаны автоматты түрде аударып отыратын арнайы «сандықша» болады.

Біздің берер кеңес - осы. Қаперге алып, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарласаңыз, қаржылық сауатыңыз арта түсетіні анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға