Коллаж El.kz

Қаржылық сауаттылық: несие аларда нені ескеру керек?

Бүгінгі таңда тек қаржылық сауаттылық қана емес, несие алу, ақшаны тиімді жұмсау және ипотека рәсімдеу мәселелері де әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторға айналды.

El.kz интернет порталының тілшісі осы тақырыпта қаржы сарапшысы Қуаныш Сапаевтан қазақстандықтардың ең жиі жіберетін қателіктері мен қаржылық тұрақтылыққа жетудің жолдарын сұрап білді. Сарапшының айтуынша, қаржылық сауаттылық пен жауапкершілік – табысты басқарудың ғана емес, болашаққа сенімді қадам жасаудың да кепілі.

Қаржылық сауаттылық қазіргі заманда ең қажетті құралдардың бірі болып отыр. Өйткені бүгінгі өмірдің барлық саласы дерлік ақшаға тікелей байланысты.

Ақшаны қалай табу ғана емес, оны қалай сақтау мен дұрыс жұмсауды білу – әр адамның жауапкершілігі. Қаржылық сауаттылық дегеніміз – табыс, шығын және жинақтарды тиімді басқару қабілеті. Ол бірнеше маңызды аспектіден тұрады, – дейді қаржы эксперті Қуаныш Сапаев.

Маманның айтуынша, ең алдымен табыс көздерін дұрыс түсініп, оларды саналы пайдалану қажет. Екіншіден, шығындарды жоспарлау арқылы ақшаның қайда және не үшін жұмсалып жатқанын бақылап отыру маңызды. Сондай-ақ жинақ жасау – болашақтағы тұрақтылық пен күтпеген жағдайлардан қорғанудың ең тиімді тәсілі.

Көпшілік «айлық неге тез таусылады?» немесе «неге жинақ өспейді?» деген сұрақтарға жиі жауап іздейді. Мұның жауабы – қаржылық сауаттылық деңгейінде. Бұл жай теория емес, өмірде нақты нәтижеге жеткізетін тәжірибе мен дұрыс шешім қабылдауға үйрететін нақты қадамдар, – дейді сарапшы.

Халықтың қаржылық сауаты әлі төмен

Сондай-ақ сарапшының пікірінше, бүгінгі күні қазақстандықтардың қаржылық сауат деңгейі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұл әсіресе несие рәсімдеу және жеке бюджетті басқару кезінде айқын байқалатынын айтады.

Көпшілік несие алғанда банк пайыздарына, төлем мерзіміне немесе шарттарына аса мән бермейді. Ең бастысы – банк несиені берсе болды деген түсінік қалыптасқан. Ал алынған қаражаттың көп бөлігі тұтынушылық мақсатқа той жасауға, киім-кешек пен тұрмыстық заттарға жұмсалады, – дейді қаржы сарапшысы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайдың тағы бір себебі – еліміздегі орташа жалақының төмендігі. Дегенмен басты мәселе табыстың аздығында емес, қоғамда қалыптасқан «ұят болады» деген түсінікте деп отыр.

Қуаныш Сапаевтың жеке мұрағатынан 

Біздің қоғамда әлеуметтік қысымның әсерінен адамдар қаржылық мүмкіндігінен асып түсетін шығындарға барады. Той жасамай-ақ өмір сүруге, несиені де дұрыс мақсатта пайдалануға болады. Бірақ көп жағдайда «ұят болады» деген ой адамдарды қарызға итермелейді. Ал бұл өз кезегінде отбасылық бюджеттің тұрақтылығына кері әсер етеді, – дейді Қуаныш Сапаев.

Күнделікті есеп жүргізу керек

Қаржы сарапшысының айтуынша, жеке қаражатты тиімді басқарудың ең тиімді жолы арнайы дәптер бастап, күнделікті сол дәптерге жұмсалған қаражатты жазып отыру керек.

Әр күніңізде жұмсалған әр теңгені – су, тамақ, көлік, тіпті темекіге дейін арнайы дәптерге белгілеп отырыңыз. Бұл әдісті қолданып көрген адам міндетті түрде таңғалады. Себебі ақшаның шамамен үштен бірі көзге көрінбейтін, шын мәнінде қажет емес нәрселерге жұмсалатынын байқайсыз, – дейді Қуаныш Сапаев.

Оның айтуынша, дәл сол артық шығынды тоқтатып, керісінше, сол соманы депозитке немесе «Отбасы банк» сияқты қаржы институттарына жинақ ретінде салуға болады. Бұл тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.

Маңыздысы – ақша көп немесе аз болуында емес. Ең бастысы, өзіңізді тәртіпке үйретіп, қаржыны басқаруды әдетке айналдыру. Қаржылық тұрақтылық – тәртіп пен жоспардың нәтижесі, – дейді эксперт.

Көпшілік жіберетін негізгі қателіктер

Көпшілік табысына келгенде дұрыс шешім қабылдай бермейді. Көп жағдайда адамдар ақшаны жоспарсыз жұмсап жібереді. Мұның салдарынан адам жинақ жасай алмайды, ал табысы қанша артса да, материалдық жағдайы тұрақсыз күйде қалады. Сарапшы Қуаныш Сапабаевтың пікірінше, бұл – қаржылық сауатсыздықтың ең кең тараған және ең қауіпті көріністерінің бірі.

Көпшілік ақшаны дұрыс пайдаланбай жиі қателік жібереді. Көп адам қолына ақша түскен бойда оны жаратып қояды немесе сақтап қоюды жөн көреді. Алайда ақша айналымда болуы керек. Егер қаражат қозғалыссыз тұрса, ол құнсызданады. Оны шкафка салып қоймай, ең тиімді шешім – инвестиция жасау, – дейді сарапшы.

Қаржыгердің айтуынша, ақшаны дұрыс айналдырудың бірнеше жолы бар. Яғни, депозит ашу «Отбасы банк» арқылы тұрғын үйге жинақ жасау немесе табысы жоғарырақ инвестициялық құралдарға – акциялар мен пай қорларына қаражат салу.

Ақшаны тек сақтау емес, оны жұмыс істету керек. Инвестиция – табысты арттырудың ең ақылды жолы. Бұл қаржылық тұрақтылыққа ғана емес, ертеңгі күнге сенімді болуға мүмкіндік береді, – деді Қуаныш Сапаев.

Несие алу үрдісі неге жиілеп кетті?

Қазіргі таңда несие алу үрдісі жиілеп барады. Бұған бірнеше фактор әсер етуде. Біріншіден, жарнама мен әлеуметтік қысым адамдарды қарыз алып болса да жақсы өмір сүруге итермелейді. Екіншіден, халықтың табыс деңгейі мен өмір сүру құны арасындағы теңсіздік адамдарды несиені амалсыз таңдауға мәжбүрлейді. Бұл қоғамдағы қаржылық мәдениеттің әлсіздігін және материалдық құндылықтардың рухани құндылықтардан басым түсе бастағанын көрсетеді.

Бүгінде еліміздегі әрбір екінші азаматтың несиесі бар, ал 1,5 миллионнан астам адамның банктік шоты қарызға байланысты бұғатталған. Жалпы тұтынушылық берешек көлемі 26 триллион теңгеден асты. Осындай жағдайда «Amanat» партиясының бастамасымен іске асқан «Қарызсыз қоғам» жобасы – уақыт талабына сай қолға алынған маңызды қадам.

Бағдарлама аясында азаматтарға әділетсіз және заңсыз есептелген миллиардтаған теңге қарыздар кешіріліп, көптеген отбасы қаржылық қиындықтан шығып, жаңа өмірді «таза парақтан» бастауға мүмкіндік алды. Мемлекет басшысы өз жолдауында да әлеуметтік әділдік пен азаматтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету ел дамуының басты бағыты екенін атап өтті.

El.kz

Қаржы сарапшысы Қуаныш Сапаевтың пікірінше, бүгінде несие алу – қазақстандықтар арасында қалыпты құбылысқа айналған. Дегенмен, бұл үрдіс қоғамдағы қаржылық тәртіптің әлсіздігін және шыдамдылықтың жетіспеуін айқын көрсетеді деп отыр.

Қазір адамдардың басым бөлігі, жоғарыда айтып өткенімдей, несиені болмайтын нарсеге алатыны бәріне мәлім. Шыдамдылық жоқ. Бүгінгі күнмен өмір сүреді. Бұл – үлкен қателік. Өйткені мұндай шешімдер көбінесе ойланбай қабылданады, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, несиені уақтылы төлей алмай жүрген адамдар саны күн сайын өсіп келеді. Бұл өз кезегінде адамның өмір сапасына және әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.

Несие уақытылы жабылмаса, банк барлық қаржылық қызметтерге шектеу қояды. Бұл дегеніміз – адамның жалақысын алуына, тіпті кей жағдайда жұмысқа орналасуына да кедергі келтіреді. Қазір кейбір жұмыс берушілер қызметкер қабылдағанда оның несие тарихына қарайды. Ал шоттары бұғатталған, қарызға батқан азамат өз жұмысынан айырылып қалуы да әбден мүмкін. Өйткені ешбір компания қарызға кірген қызметкерге сенім арта бермейді, – дейді.

Кредит алмастан бұрын мынаны екеріңіз

Сарапшылардың пікірінше, кредит алу кезінде азаматтар ең алдымен өзінің нақты қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалауы тиіс. Несиені рәсімдемес бұрын ай сайынғы төлем сомасын табыс көлемімен салыстырып, оны тұрақты өтей алатынына көз жеткізу қажет. Сондай-ақ пайыздық мөлшерлеме, қосымша комиссиялар мен айыппұл шарттарын мұқият оқу маңызды.

Қаржы сарапшысының айтуынша, азаматтар несие рәсімдеген кезде ең алдымен банк ұсынатын пайыздық мөлшерлемеге назар аударуы тиіс. Бұл – қарыздың жалпы сомасын анықтайтын басты фактор. Көп жағдайда адамдар тек алынатын ақшаның мөлшеріне мән беріп, оны қайтару кезінде қанша артық төлейтінін есептемейді.

Мысалы, егер азамат 5 миллион теңге көлемінде несие алып, оны 5 жылға рәсімдесе, ал банк жылдық 30 пайыз мөлшерлеме белгілесе, ол ақырында 10 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарады. Бұл бастапқы сомадан екі есе көп, – дейді қаржы сарапшысы Қуаныш Сапаев.

Демек, несие аларда банк шарттарын мұқият қарап, пайыздық мөлшерлеме, комиссия және қосымша төлемдерді алдын ала есептеу өте маңызды. Өйткені қаржылық сауаттылықтың бастауы әр шешімді саналы қабылдаудан басталады.

Қарыз мәселесін шешудің басты жолы

Қаржы сарапшысы Қуаныш Сапаевтың айтуынша, қарызды белгіленген мерзімде өтей алмаған жағдайда, ең бастысы – жағдайды ушықтырмай, банкпен ашық келіссөз жүргізу. Уақытылы әрекет ету көптеген қаржылық және құқықтық салдардың алдын алады.

Егер төлем мерзімі өтіп кетсе, банк немесе микроқаржы ұйымы алдымен айыппұл мен өсімпұл есептейді. Бұл мөлшер күн сайын кешіктірілген төлем сомасының шамамен 0,5 пайызына дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар төлем кешіккені туралы ақпарат несие бюросына жолданады, ал бұл несие тарихының нашарлауына әкеледі. Егер қарыз 90 күннен астам өтелмесе, іс сотқа дейін жетуі ықтимал, – дейді.

Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайға тап болған адам ең алдымен кредитормен байланысып, жағдайды түсіндіріп, қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш жасауы тиіс. Заң бойынша, банк борышкерге төлемнің кешіктірілгені туралы 10 күн ішінде хабарлауға міндетті. Ал қарыз алушының 30 күн ішінде банкке өтініш беріп, несие шарттарын қайта қарауды сұрауға құқығы бар.

El.kz

Өтініште кешіктіру себебі және қарызды өтеудің мүмкін жолдары нақты көрсетілуі қажет. Өз кезегінде банк немесе микроқаржы ұйымы бұл өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап, борышкерге нақты ұсыныстар беруі тиіс.

Ең бастысы – үнсіз қалмау. Қаржы ұйымымен ашық сөйлесіп, өз жағдайыңды түсіндірсең, банк те ымыраға келуге дайын болады. Ал байланыстан жалтару мәселені тек күрделендіреді, – дейді Қуаныш Сапаев.

Қарызды қайта құрылымдаудың нұсқалары

Қаржы сарапшыларының айтуынша, қарызды уақытында өтей алмаған жағдайда банкпен келісімге келудің ең тиімді жолы – несиені қайта құрылымдау. Бұл – қарыз алушыға төлем жүктемесін жеңілдетіп, қаржылық жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Сарапшы қайта құрылымдаудың негізгі нұсқаларын атап өтті:

  • Төлем мерзімін кейінге қалдыру. Уақытша қаржылық қиындық кезінде қарызды белгілі бір мерзімге шегеру арқылы айыппұл мен өсімпұлдың өсуін болдырмауға болады.
  • Ай сайынғы төлемді азайту үшін несие мерзімін ұзарту. Бұл төлем сомасын жеңілдетіп, бюджетке түсетін қысымды азайтады.
  • Пайыздық мөлшерлемені төмендету.
  • Айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін кешіру. Бұл борышкерге негізгі қарызды өтеуге мүмкіндік береді.
  • Кепілдегі мүлікті сату арқылы қарызды жабу. Егер өзге амал қалмаса, бұл нұсқа ең соңғы шешім ретінде қарастырылады.

Маңызды жаңалық – 2024 жылдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары қайта құрылымдау туралы өтінішті қарау үшін алдын ала төлем талап ете алмайды. Бұл норма азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Егер банк өтінішті қабылдамаса, не істеу керек?

Мұндай жағдайда қарыз алушы алдымен банк омбудсменіне (банктік несиелер бойынша) немесе микроқаржы омбудсменіне (МҚҰ несиелері бойынша) жүгіне алады. Егер мәселе шешілмесе, соңғы сатыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге болады.

Үй алудан бұрын қаржылық есеп жүргізу қажет

Қаржылық сауаттылықтың тағы бір маңызды бөлігі – бұл ипотека рәсімдеу. Өйткені ипотека алу кезінде адам өз табысын, шығынын, төлем қабілетін және тәуекелін дұрыс есептеуі қажет. Бұл – ұзақ мерзімді міндеттеме болғандықтан, пайыздық мөлшерлеме, артық төлем, сақтандыру және келісімшарт шарттарын түсіну өте маңызды. Сондықтан ипотека рәсімдеу адамның қаржылық сауаттылық деңгейін нақты көрсететін іс-әрекет деуге болады.

pixabay.com

Қаржы сарапшысы Қуаныш Сапаевтың айтуынша, ипотека рәсімдеуді жоспарлаған азамат ең алдымен өз несие тарихының таза екеніне көз жеткізуі тиіс. Егер қарыз алушының банк, микроқаржы ұйымы немесе ломбард алдында 30 күннен асқан төлем кешіктіруі болса, ипотека алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді.

Екінші деңгейлі банктер несие тарихын тексергенде соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге ерекше мән береді. Мысалы, егер сіз 2023 жылы 30 күннен астам кешіктіріп, сол жылы қарызды жапқан болсаңыз, онда толық үш жыл өтпейінше ипотека рәсімдеу мүмкін болмайды. Себебі банк ұзақ мерзімге ірі көлемдегі қаражат беретіндіктен, қарыз алушының төлем қабілетіне 100 пайыз сенімді болуға тиіс, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, азаматтың айлық табысы да шешуші рөл атқарады. Банк ипотека берер алдында соңғы алты айдағы жалақы қозғалысын мұқият зерттейді. Табыстың көлемі күнкөріс деңгейінен бөлек, жаңа ипотеканың ай сайынғы төлемін де толық өтеуге жетуі қажет.

Сарапшылардың айтуынша, ипотека рәсімдеуге дайындықты алдын ала бастап, несиелік тәртіп пен табыс тұрақтылығын қамтамасыз ету – үй алуға бір қадам жақындататын ең сенімді жол.

Ипотека алудың ең тиімді жолы

Қаржы сарапшысының айтуынша, қазіргі таңда ипотеканы рәсімдеудің ең қолайлы және сенімді тәсілі – «Отбасы банк» жүйесі мен мемлекеттің «7-20-25» бағдарламасы арқылы. Бұл бағыттарда пайыздық мөлшерлеме төмен, шарттар ашық және ұзақ мерзімді төлем жоспары тиімді жасалған.

Ал екінші деңгейлі банктердегі жағдай әзірге күрделірек.

Қазір коммерциялық банктер ипотеканы жоғары пайыздық мөлшерлемемен ұсынып отыр. Бұл азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізуін қиындатып отыр, – дейді Қуаныш Сапаев.

Осыған байланысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлескен қаулымен ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету нормасын 2025 жылдың 1 қарашасына дейін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұл өзгеріс банк нарығында тұрақтандыру кезеңі жүріп жатқанын білдіреді. Сарапшының пікірінше, егер азаматтың «Отбасы банк» арқылы жинағы болмаса, ипотека рәсімдеуді уақытша кейінге қалдырған дұрыс. Бұл қаржылық тәуекелді азайтып, неғұрлым тиімді ұсыныстарды күтуге мүмкіндік береді.

Қорытындылай келгенде, қаржылық сауаттылық – әр адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды дағды. Ақшаны дұрыс басқару, несие мен ипотеканы сауатты рәсімдеу, табыс пен шығынды тиімді жоспарлау тек жеке тұрақтылықты емес, жалпы қоғамның экономикалық мәдениетін қалыптастырады.

Қаржылық сауатты азамат алаяқтардың арбауына түспейді, өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, болашағына сеніммен қарайды. Сондықтан қаржылық білімді арттыру жеке жауапкершіліктің ғана емес, ұлттық дамудың да кепілі.