Қаржылық сауаттылық: 2026 жылы қандай әдеттерге дағдылану керек
Ақшаны дұрыс жұмсай білу үшін бірнеше жыл қаржылық сауаттылық курсын оқудың қажеті жоқ. Кейде қаржылық жағдайды жақсартуға ұсақ-түйек, бірақ тұрақты әдеттердің өзі жеткілікті: орынсыз шығынға жол бермеу, автотөлемді реттеу немесе қажетсіз сервистерден бас тарту, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Айына бір рет жазылымдарыңызды тексеріп, керек емесін өшіріп отырыңыз
Көрмейтін онлайн-кинотеатр, бастаймын деп жүріп қолға алмаған курс, пайдаланбайтын қосымша – мұның бәрі ай сайын ақшаңызды үн-түнсіз «жеп» жатқан болуы мүмкін. Жазылымдарды тұрақты тексеру жылына онмыңдаған теңгеңізді үнемдеуге көмектеседі.
Оқи отырыңыз:
- Жастардың көбі қаржыны дұрыс жоспарламайды: Мәселе неде?
- 2026 жылдан бастап кімнің жалақысы өсетіні белгілі болды
Ол үшін айына бір рет есепшоттағы тұрақты төлемдерді қарап шығуды әдетке айналдырған жөн. Ұмытып кетпес үшін күнтізбеге еске салғыш орнатып қоюға болады. Мұндай «қаржылық ревизия» сізге басымдықтарды қайта саралауға да көмектеседі. Өйткені кезінде бұл жазылымды белгілі бір мақсатпен алғаныңыз анық. Тіпті дәл қазір бір шолып өтсеңіз де болады.
Ақша жұмсамайтын күндер ұйымдастырып тұрыңыз
Тегін күн ұйымдастырыңыз. Бірден барлық шығынды қысқарту қиын, бірақ аптасына немесе айына бір күннен бастау қолыңыздан келуі тиіс. Бұл күні мүмкіндігінше мүлде ақша жұмсамауға немесе тек ең қажетті дүниеге ғана шығындалуға тырысыңыз.
Түскі асты үйден алып шығыңыз, кешке кинотеатрдың орнына үйде фильм көріңіз, маркетплейстерге кірмеңіз (иә, оңай болмайды).
Осындай күндер ақшаның кейде аса қажеті жоқ ұсақ-түйекке қалай кетіп қалатынын аңғаруға көмектеседі. Ал егер жоспар орындалмай қалса, өзіңізді жазғырып қажеті жоқ. Бүгін болмаса, ертең бастайсыз.
Ақшамен «кездесуге» шығып тұрыңыз
Бұл тәсіл қаржылық кеңесші Анастасия Веселконың «Быть в плюсе» атты кітабында жазылған.
Мағынасы қарапайым: айына бір рет, қандай жағдай болса да, отырып, өз қаржылық ахуалыңызды саралау. Ең бастысы, тұрақтылық екенін естен шығармаңыз. Белгілі бір күнді белгілеп, күнтізбеге жазып қойыңыз. Сол күні кіріс пен шығысты есептеп, алдағы ірі төлемдерді жоспарлап, қаржылық мақсаттарыңызды еске түсіріңіз. Ең соңында өзіңізге алғыс айтуды да ұмытпаңыз, бұл пайдалы әдетті бекіте түседі.
Мұндай «кездесулер» ақшаға деген көзқарасыңызды түсінуге, маңызды дүниелерді назардан тыс қалдырмауға және жағдайды бақылауда ұстауға көмектеседі.
Қаржылық мүмкіндіктеріңізге де ара-тұра шолу жасап тұрыңыз
Ақшаның қайда кетіп жатқанын бақылау маңызды. Бірақ сізде қандай мүмкіндіктер бар екенін де ұмытпаған жөн. Мысалы, жұмыста медициналық сақтандыру болуы мүмкін, банкте жоғары пайызды депозит қолжетімді шығар немесе салықтық шегерімге құжат тапсырмағаныңызға көп болған шығар. Тіпті сізге тиесілі жеңілдіктер де болуы мүмкін.
Айына немесе кемінде жарты жылда бір рет осы мүмкіндіктерге көз жүгіртіп отырыңыз. Кейде бұл күтпеген пайда әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар өзіңізге мына сұрақты жиі қойыңыз: «Табысымды қалай арттыра аламын?». Себебі бұл туралы ойламасаңыз, табыс өздігінен көбеймейді.
Онлайн сатып алу кезінде 24 сағат ережесін қолданыңыз
Онлайн-дүкендерге кіріп кету оңай: жарты сағат бұрын жайбарақат отырған адам өзіне мүлде қажеті жоқ көрпе-жастықсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсуі мүмкін. Сондықтан шығынға ақылмен қарауға тырысыңыз.
24 сағат ережесінің мәні – тауарды себетке салып, бірден төлемеу. Бір күн өткен соң, бұл шын қажеттілік пе, әлде сәттік құмарлық па – анық көрінеді.
Бір заттың бір рет қолдану құнын есептеп үйреніңіз
Бұл әдет әрбір шығынның орынды-орынсыз екенін түсінуге көмектеседі. Мысалы, 9 мың теңгелік қолғап қымбат көрінуі мүмкін. Бірақ егер оны күнделікті киетін болсаңыз, айына шамамен 30 рет пайдаланасыз, яғни бір киюі құны – небәрі 300 теңге.
Ал 3 мың теңгелік кешкі көйлек арзан сияқты. Бірақ оны бір-ақ рет кисеңіз, бір қолданудың құны сол 3 мың теңге болып шығады. Дегенмен шкафты ашып, оған сүйсініп қараудың өзі сізге жақсы көңіл күй сыйласа, оның «бағасы» басқаша есептелуі мүмкін.
Мүмкін болған нәрсенің бәрін автоматтандырыңыз
Заманауи мүмкіндіктерді пайдаланған дұрыс. Мысалы, банк қосымшасында спортзалға немесе коммуналдық төлемдерге автотөлем орнатып қойсаңыз, кешіктіру болмайды немесе жалақы түскен күні жинақ шотына автоматты аударым жасап, біртіндеп ақша жинауға болады.
Осындай ұсақ әрекеттер басыңыздағы артық ойды азайтып, уақыт өте келе қаржылық жағдайыңызды жақсартуға ықпал етеді.
Қаржылық сауаттылыққа уақыт бөліңіз
Өз біліміңізді үнемі кеңейтіп отыруды әдетке айналдырыңыз. Сенімді қаржылық дереккөздерді күніне бес минут оқу да пайдалы ойларға жетелеуі мүмкін.
Бастау үшін оқитын ресурстардың тізімін жасаңыз: қаржыгерлердің парақшалары, қаржылық сауаттылыққа арналған кітаптар, профильдік медиалар. Подкасттар мен сұхбаттарды да тыңдап көріңіз. Ең бастысы, алған білімді тезірек тәжірибеге енгізу. Сонда оның шын мәнінде қаншалықты тиімді екенін сезінесіз.
Бастапқы қадам ретінде осы мақаладағы кез келген әдетті таңдап, өміріңізге енгізіп көріңіз. Нәтиже де көп күттірмейді деген ойдамыз.
Бұған дейін қаржыны дұрыс басқару туралы жазғанбыз. Сонымен қатар 2026 жылы ақшаны қай валютада сақтау тиімді екені туралы айттық. Жеңілдетілген декларация жайлы мына сілтеме арқылы оқыңыз.

