Жаңалықтар

Қарызы бар адамдарға енді микрокредит берілмейді

Қарызы бар адамдарға енді микрокредит берілмейді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 29.05.2023 22:21 754

Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Мәжіліс депутаттарының халықтың шамадан тыс жоғары кредиттелу проблемасына қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық Банк қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдем көрсету мақсатында қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шаралар кешенімен ұсынылған макропруденциялық саясатты қалыптастырады. Тұтынушылық кредиттеудің шамадан тыс өсуін шектеу үшін пайдаланылатын қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті (БЖК) макропруденциялық саясат құралдарының бірі. Қарыз алушының БЖК қарыз алушының барлық қарыздары бойынша ай сайынғы төлемінің оның айлық табысына қатынасы ретінде жаңа қарыз алу сәтіне есептеледі, - дейді Пірматов.

Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес БЖК есептеу және қолдану тәртібі банктердің пруденциялық нормативтерінің құрамына енгізілген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі - олардың сақталуын белгілеу және қадағалау жөніндегі жауапты мемлекеттік орган. 

БЖК-ны пруденциялық нормативтер тізбесіне енгізу Агенттіктің мандатын күшейтуге және оның банк секторын реттеу жөніндегі құралдарының тізбесін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар Ұлттық Банкте БЖК-ның ең жоғары мөлшерін белгілеу құқығы сақталған. БЖК-ның ең жоғары мөлшерінің қазіргі мәні 0,5-тен аспайды. 

Президенттің 2023 жылғы 10 наурыздағы «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес Агенттікке халықтың микрокредиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді қатаңдату, халықтың проблемалық кредиттерін реттеу бойынша жоспарларды екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің қабылдауы бойынша талаптарды енгізу жұмысын жүргізу тапсырылғандығын қосымша хабарлаймыз. Осы Жарлық шеңберінде кредиттер бойынша борыштық жүктемені шектеу жөнінде, атап айтқанда қарыздар мен микрокредиттер бойынша күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеулер енгізу, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімін енгізу жөнінде шаралар қабылданады, - деді ол.

Борыштық жүктеменің өсуі халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейіне, инфляцияның өсуіне, қарыз алушылардың нақты табысының төмендеуіне және қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты кешенді сипатта болады.

Жоғарыда аталған проблеманы шешу мемлекеттік органдар тарапынан инфляция деңгейін төмендетуге, халықтың борыштық жүктемесін төмендету бойынша сараланған шараларды қолдануға, халықтың кірістері өсуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын банктер мен ұйымдар тарапынан пруденциялық талаптардың орындалуын мұқият қадағалауға байланысты бірлескен үйлестірілген іс-қимылдарды іске асыруға негізделуі тиіс, - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға