Қарызға кірмей жаңа жылды қалай қарсы алуға болады? Мамандар мен депутаттардың кеңесі
Қазақстанда Жаңа жыл – тек мерекелік түн емес, отбасыны бір дастархан басына жинайтын маңызды дәстүр. Алайда соңғы жылдары қазақстандықтар жаңа жылдық дастарханға қанша қаражат жұмсау керек деген сұраққа жиі ойлана бастады. Бірі молшылықты маңызды санаса, енді бірі қарапайымдылықты таңдауда. Қанша қаржы жұмсау орынды, ал қай тұста үнемдеген дұрыс? Бұл сұраққа қаржы маманы және халық қалаулылары да жауап беріп, жаңа жылдық дастарханға қатысты өз ұстанымдарын ортаға салды.
Мерекелік басты тағамдар
Қазақ халқының таным-түсінігінде дастарханның мол болуы – жақсы ырым. «Дастархан мол болса, жыл берекелі өтеді» деген сенім бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында әр отбасы барын салып, шамасына қарай ең дәмді тағамдарын әзірлеуге тырысады.
Қазақстандағы жаңа жылдық дастарханның ерекшелігі – посткеңестік дәстүрлер мен қазақтың ұлттық асханасының үйлесім табуында. Кеңес кезеңінен қалған кейбір тағамдар бүгінге дейін сақталып, ұлттық тағамдармен қатар бір үстелде орын алып келеді. Соның нәтижесінде қазақстандық жаңа жылдық дастархан өзіндік бірегей сипатқа ие болды.
Мерекелік үстелдің «патшасы» саналатын тағам – оливье салаты. Көпшілік үшін жаңа жылды бұл салатсыз елестету мүмкін емес. Картоп, сәбіз, жұмыртқа, қияр, ет немесе шұжық пен майонезден дайындалатын бұл салаттың әр үйде өзіндік рецепті бар. Бірі еттің мөлшерін көбейтсе, енді бірі теңіз өнімдерін қосып, жаңаша түр береді.
Оливьеден кейінгі кең таралған салаттардың бірі – «селёдка под шубой». Қабат-қабат етіп салынатын бұл тағам майшабақ, картоп, сәбіз, қызылша және майонезден тұрады. Қызылшаның қанық түсі дастарханға ерекше мерекелік реңк береді.
Ыстық тағамдардың ішінде манты мен палау алдыңғы қатарда тұр. Буға пісірілген, іші ет пен пиязға толы мантыны көп отбасылар дәл жаңа жыл түні дайындап, ыстық күйінде ұсынуды жөн көреді. Ал палау – қазақ дастарханының ажырамас бөлігі. Күріш, ет, сәбіз, пияз және дәмдеуіштерден әзірленетін бұл тағамға кейде жылқы еті немесе қазы қосылып, дәмі одан сайын ашыла түседі.
Ұлттық дәстүрге сай, жаңа жылдық дастарханға қазақша ет қойылады. Қайнатылған қой немесе жылқы еті, қазы-қарта, жал-жая, шұжық молшылықтың белгісі саналады. Кейбір үйлерде бешбармақ немесе қуырдақ әзірленсе, кейбірі пеште пісірілген бүтін тауықты, үйректі немесе күркетауықты ортаға қояды.
Жеміс-жидексіз жаңа жылдық дастарханды елестету мүмкін емес. Әсіресе мандарин – жаңа жылдың иісі мен дәміне айналған өнім. Сонымен қатар алма, банан, апельсин, жүзім сияқты жемістер мен түрлі тәттілер, торттар, шоколадтар, шығыс тәттілері мен бауырсақ мерекелік көңіл-күйді толықтыра түседі.
Жаңа жыл түні түн ортасында шампан ашып, президенттің құттықтауын тыңдап, бір-біріне ақ тілектер айту – көпшілікке ортақ дәстүр. Бұл сәт жаңа жылдың ресми басталғанын білдіретін ерекше мезет ретінде есте қалады.
Маман кеңесі
Дегенмен, соңғы жылдары қазақстандықтардың жаңа жылдық дастарханға деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді. Көпшілік ысырапшылдықтан бас тартып, қарапайым әрі мәнді мерекелеуге көшуде.
Алматы қаласының тұрғыны, қаржы маманы Әйгерім Ілиясова жаңа жылдық дастарханның жыл сайын қымбаттауына бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Оның сөзінше, мерекелік үстелге қойылатын көптеген азық-түлік өнімдері импортқа тәуелді.
Жаңа жылдық дастарханға арналған өнімдердің басым бөлігі сырттан әкелінеді. Сондықтан валюта бағамы өскен кезде баға бірден қымбаттайды, ал бағам төмендеген жағдайда, өкінішке қарай, азық-түлік арзандай қоймайды. Қазіргі таңда Қазақстандағы азық-түлік инфляциясы 13,5 пайызды құрап отыр. Бұл – биыл тамақ бағасы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 13,5 пайызға жоғары деген сөз, – дейді ол.
Қаржы маманы мереке қарсаңында ең алдымен жеке және отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлауға кеңес береді. Оның айтуынша, көпшілік желтоқсан айының соңында жалақы алып, жаңа жылдық дастархан мен сыйлықтарға бірден жұмсап жібереді.
Ақшаңыз қаңтар айының соңына дейін жетуі керек екенін естен шығармаған жөн. Қарызға батпау үшін әр отбасының қаржылық қауіпсіздік көпшігі болуы қажет. Ол күтпеген шығындарды жабуға және артық қарыздан сақтануға көмектеседі. Егер сол қордың бір бөлігін жұмсасаңыз, келесі табыстан міндетті түрде толықтыру керек, – дейді.
Сонымен қатар, жұмыс істейтін ана ретінде Әйгерім Ілиясова уақытты тиімді пайдаланудың маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, 31 желтоқсан көпшілік үшін жұмыс күні болғандықтан, дайындықты алдын ала жоспарлау қажет.
Сыйлықтар мен азық-түлікті онлайн тапсырыс беру – уақытты үнемдеудің ең тиімді жолы. Мен көбіне тез дайындалатын, пайдалы әрі жеңіл тағамдарды таңдауға тырысамын. Жеңіл салаттар мен тіскебасарлар әзірлейміз, ал негізгі тағам ретінде ет асамыз. Мерекеден кейін артылып қалған тағамдарды мұздатып қойып, кейін қажет кезде ерітіп пайдалануға болады, – дейді ол.
Павлодар қаласының тұрғыны Амангүл Сейітқызының айтуынша, басты құндылық – тағамның көптігінде емес, отбасының бірлігінде.
Жаңа жылдық дастарханға шамадан тыс дайындалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әдетте бір-екі салат, бір ыстық тағам, жеміс-жидек пен тәттілер жеткілікті. Ең бастысы – отбасының бірге отырғаны. Орташа есеппен 3-4 адамға 20-30 мың теңге жеткілікті, одан артық шығын міндетті емес, – дейді ол.
Жаңа жылдық дастарханның шығыны
Сонымен қатар, 2025 жылы қазақстандықтардың жаңа жылдық дастарханына арналған азық-түлік себетінің орташа құны да есептелді. Үкіметте жүргізілген талдауға сәйкес, мерекелік дастарханға қажетті негізгі өнімдердің бағасы шамамен 70 мың теңгені құрайды. Бұл себетке қазақстандықтар жаңа жыл қарсаңында жиі сатып алатын 37 түрлі азық-түлік өнімі енгізілген.
ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 68 мың теңге болған. Биыл кейбір тауарлар арзандаса, кейбірінің бағасы қымбаттағанымен, жалпы сома айтарлықтай өзгермеген. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс екені де ескертілді.
Мәжіліс депутаттар қанша жұмсайды?
Мәжіліс депутаттары да жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтып өтті. Депутат Еділ Жаңбыршин жаңа жылдық дастарханға кететін шығынды нақты есептемейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе көбіне отбасы ішіндегі әйел адамдардың еншісінде.
Жаңа жылдық дастарханға қанша қаражат жұмсалатынын нақты айта алмаймын. Себебі бұл шаруамен үйдегі қыздарым мен жұбайым айналысады. Сол себепті шығын көлемін есептеп көрмеппін, – деді депутат.
Мәжілісмен Ерлан Саиров жаңа жылды қарапайым түрде қарсы алуды жөн санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мол дастархан жаю міндетті емес.
Біздің отбасымызда жаңа жыл өте қарапайым өтеді. Әдетте екі-үш салат, бауырсақ және бір ет тағамы болса жеткілікті. Одан артық ештеңенің қажеті жоқ деп есептеймін, – деді мәжілісмен.
Депутат Нұргүл Тау мерекелік дастарханды өзі дайындайтынын және артық шығынға жол бермейтінін атап өтті.
Мен көбіне тағамды өзім дайындаймын. Сондықтан аса көп шығын кетпейді. Дүкеннен қажетті азық-түлікті ғана аламыз: ұн, картоп, ет. Үйде ас пісіріп, отбасымызбен бірге, жылы атмосферада қарсы аламыз. Ерекше, даңғаза мереке жасаудың қажеті жоқ, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазіргі таңда ысырапшылдықтан бас тартып, саналы тұтынуға көшкенін айтты.
Бұрынғыдай дастарханды толтырып қою әдеті бізде жоқ. Қазір ысырапшылдыққа өзім қарсымын. Немерелеріміз бен балаларымыз келген кезде ғана тағам сәл көбейеді. Негізінен ұзақ сақталатын, пайдалы өнімдерді ғана аламыз, салаттарды мөлшермен дайындаймыз. Атасы мен әжесі ретінде үйді аздап безендіріп, балаларға шағын сыйлықтар берумен шектелеміз, – деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шетелдегі жаңа жылдық дастархан
Жаңа жылдық дастарханға отбасымен немесе достарымен жиналу дәстүрі көптеген елдерде бар. Әлемнің түкпір-түкпірінде мерекелік тағамдар әртүрлі мағынаға ие болып, сәттілік, байлық немесе ұзақ өмірді білдіреді.
Англия
Англияда британдықтар дәстүрлі плум-пудинг дайындайды – шошқа майы, нан үгіндісі, ұн, мейіз, жұмыртқа және дәмдеуіштерден тұратын десерт.
Оны отқа қойып беру – ойын-сауық элементі. Сондай-ақ, көкөніс пен тұздық қосылған күркетауық – мерекенің ажырамас бөлігі.
Америка
АҚШ-та дәстүрлі тауық еті ұсынылады, ол тоңазытқыштағы барлық өнімдермен ірімшік, сарымсақ, қара өрік, алма, қырыққабат, бұршақ, саңырауқұлақтар және дәмдеуіштермен толтырылады.
Оңтүстік штаттарда «Hoppin' John» қара көзді бұршақ, күріш және шошқа еті қосылған тағам жейді, ол сәттілік әкеледі деп сенеді.
Жапония
Жапонияда каштан – табыс символы, сондықтан оны ыстық тағамдар мен десерттерге қосады.
Дастарханға теңіз балдыры, бұршақ, майшабақ уылдырығы, ұзақ өмірдің белгісі ретінде ұзын кеспе (соба) және қайнатылған балық қойылады.
Испания
Испанияда түн ортасында 12 жүзім жеу дәстүрі бар. Әр жүзім келер жылдың әр айына сәттілік әкеледі.
Бұл дәстүрлер әлемнің әртүрлілігін көрсетеді, бірақ ортақ нәрсе – дастарханның отбасылық байланысты күшейтуі. Қазақстандықтар да өз дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алады.
Бұған дейін жаңа жыл қарсаңында қалай және қанша табыс табуға болатынын жазған едік.

