Жаңалықтар

Қарызға батқан ауыл тұрғыны туралы қысқаметражды фильм жарық көрді

Қарызға батқан ауыл тұрғыны туралы қысқаметражды фильм жарық көрді
Фото: «Қарызсыз қоғам» 20.11.2024 17:09 387

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында көптеген қазақстандықтардың өзекті мәселесін көрсететін борышкер туралы қысқаметражды фильм көрермен назарына ұсынылды. Фильм қарыздың адамдардың өміріне қалай әсер ететінін, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын тереңірек түсінуге шақырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тәрбиелік мәні бар  «Қарызсыз қоғам – қарызсыз Қазақстан» қысқаметражды фильмінің басты кейіпкері – ауыл тұрғыны, жұмыссыз отағасы Байбатыр. Ол көптеген ауыл тұрғындары секілді жергілікті дүкендегі қарыз дәптерінің «тұтқынына» айналған.

Қарыздан құтылу жолын іздеген Байбатыр ақшаға карта ойнауға кіріседі, біреуден қарыз алып, екіншісіне беру арқылы тығырықтан шығуға тырысады. Алайда, мұның ақыры жағдайдың одан әрі шиеленісуіне әкеледі.

Байбатырды және ауылдағы басқа да борышкерлерді «Қарызсыз қоғам» мамандары құтқаруға келеді. Бас кейіпкер зор ынтамен күндіз-түні кәсіпкерліктің негіздерін үйреніп, жеке кәсібін бастайды. Құлпынай сату арқылы тұрақты табысқа жетіп, бітпейтін қарыздарынан құтыла бастайды.

Фильмнің сюжеті кей жерлерде комедиялық сипатқа ие. Бірақ оның басты мәні – көрерменді күлдіру емес. Көптеген адамдар фильмнен өзін, танысын немесе туысын көруі мүмкін. Фильмнің негізгі идеясы – өсуге, кәсіп ашуға және нақты дағдыларды үйренуге мүмкіндіктің бар екенін көрсету. Мұндай мүмкіндіктерді «Қарызсыз қоғам» жобасы ұсынады. Біздің бастама тек білім алу, табысты арттыру немесе қажетсіз шығындарды азайту туралы ғана айтпайды. Бұл – әр қазақстандық білуі қажет және қолдануы қажет дағдылар. Мемлекет басшысының өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, қолдау білдіруі бізге үлкен шабыт берді», - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Атап өткен жөн, Байбатыр сияқты қаржылық жағдайын түзетуге әрбір адамның мүмкіндігі бар, тек ниет пен әрекет қажет.

«Қарызсыз қоғам» жобасы AMANAT партиясының бастамасымен жүзеге асырылып, 160 мыңнан астам қазақстандықтың қаржылық сауатын дамытты. Бұл көрсеткіш күннен-күнге артып келеді. Жоба аясында азаматтарға өз кәсібін ашуға қолдау көрсетіліп, қаржылық сауатты арттыруға бағытталған оқыту жүргізілуде. Сондай-ақ, кез келген адамға құқықтық көмек, банк несиелері мен микрокредиттер бойынша проблемалық қарыздарды реттеуге жәрдем беріледі.

Қазақстан банктері, оның ішінде Halyk Bank, Forte Bank, Home Credit Bank, First Heartland Jusan Bank, Bank RBK, Freedom Bank, Altyn Bank, Еуразиялық Банк, Bereke Bank және Банк ЦентрКредит, «Қарызсыз қоғам» жобасына қолдау көрсетеді. Бұл әлеуметтік бастама халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған.

Еске сала кетсек, қазақстандықтар Qogamfin.kz сайтында немесе тұрғылықты жеріндегі AMANAT партиясының филиалдарына жүгініп, оқуға жазыла алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға