«Қарулы жиһад» идеясын насихаттаған қазақстандық сотталды

Шымкентте танымал мессенджер арқылы терроризмді насихаттаған адамға үкім шықты. Бұл туралы қалалық прокуратураға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024 жылғы қыркүйекте Шымкент қаласында «С» есімді азамат «WhatsApp» мессенджері арқылы танысы «Т» есімді азаматшаға халықаралық террористік ұйым «Мұсылман бауырлар» идеологиясын және «қарулы жиһад» идеясын насихаттайтын, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа шақыратын материалдарды жолдап, террористік топтарға қосылуға үгіт-насихат жасаған, - делінген мәліметте.
Сот үкімімен «С» есімді азамат ҚР ҚК 256-бабының 2-бөлігі (терроризмді насихаттау, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды интернет-ресурстар арқылы тарату) және 296-бабының 1-бөлігі (террористік не экстремистік әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарға үгіт - насихат жасау, даярлау немесе қаруландыру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Былтыр осындай қылмыс жасағаны үшін 10 азамат сотталған.
Шымкент қаласының прокуратурасы бұл әрекеттер үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және мүлкін тәркілеу қарастырылғанын ескертеді.
