Қарулы күштердің шығармашылық ұжымы Мәскеудегі Қызыл алаңда қошеметке ие болды
Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына қарасты Орталық әскери оркестр мен Орталық ансамбльдің музыканттары және әртістері Мәскеуде өткен XVII Халықаралық «Спасск мұнарасы – 2025» әскери-музыкалық фестивалінде сәтті өнер көрсетті. Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ресей Федерациясының басты сахнасы — Қызыл алаңда Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасы қазақ әндерінен құралған попурри әуенінің сүйемелдеуімен әсерлі дефиле ұсынды. Бұл көрініс көрермендер тарапынан ыстық ықылас пен зор қошеметке бөленді.
Қорғаныс министрлігі орталық әскери оркестрдің орындауындағы дала сарыны — қазақтың ұлттық әуендері мен кеңестік кезеңнен танымал шығармалар Ресей жұртшылығына да етене таныс болып шыққанын атап өтті. Көрермендер ерекше әсер алғанын жасырмады.
Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған мерген Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Жасмина Түзелова «Әлия» әнін орындап, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сейдолла Бәйтерековтің бұл туындысы осыдан 50 жыл бұрын Болгарияда өткен халықаралық фестивальде «Жыл әні» атанып, қазақ музыкасының шетелге кең таралуына жол ашқан еді.
Фестивальдің тақырыбына сай, біз Мәскеуге Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларынан құралған попурри — “Туған ел”, “Саржайлау” және “Өз елім” әндерін ала келдік, — деп атап өтті Қазақстан Қарулы күштері әскери оркестрлер қызметінің бастығы – бас әскери дирижер подполковник Алмас Ибрагимов.
Биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақстан Қарулы күштері Орталық әскери оркестрінің бұл өнер көрсетуі Қызыл алаңдағы көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болды. Этникалық сарындарға бай композициялар көрермендер үшін тосын болмаса да, шынайы әсер мен ерекше эмоция сыйлады.
Айта кетейік, XVII Халықаралық «Спасск мұнарасы» әскери-музыкалық фестиваліне Ресеймен қатар Азия, Африка және Еуропа елдерінен келген 25 шығармашылық ұжым қатысуда. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Ресейдің Мемлекеттік туы күніне орай ұйымдастырылды.

