Жаңалықтар

Қарулы күштердің өкілдері соғыс ардагерін құттықтады

Қарулы күштердің өкілдері соғыс ардагерін құттықтады
Фото: gov.kz 22.10.2023 09:25 562

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев пен полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев Ұлы Отан соғысының ардагері 96 жастағы Әбжаппар Дайрабайұлына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Офицерлер майдангерден амандық-саулық сұрасқаннан кейін оны келе жатқан айтулы мереке – Республика күнімен құттықтады.

Халқымыз қашанда ұрпақты үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетумен тәрбиелеген. Біз олардың осындай өнегесімен өскен ұрпақпыз. Олардың ақыл-кеңестері мен бата-тілектері біз үшін өте құнды. Талай қиындықтарды жеңіп, соғыс сынағынан өткен адамдар – өскелең ұрпаққа үлгі, – деді әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы 1 қаңтарда Түркістан ауданы Тартоғай ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1932 жылдан бастап Түркістан қаласының балалар үйінде тәрбиеленді. Содан кейін үлкен ағасы Бимаш Дайрабайұлының қамқорлығында болды. Бес жасында ол аштықтан аман қалды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Әбжаппар Дайрабайұлы небәрі 14 жаста еді.

16 жасынан бастап Беларусь және Украина майдандарында соғысып, Польшаны азат етуге қатысты. "Отан соғысы" орденімен және медальдармен марапатталған.

Елге оралған соң мұғалім болып жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы болды. Құрметті ақсақал бүгінде үш қыз, екі ұлдан ұрпақ өрбітіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға