Қарулы Күштердің әскери қызметшісі "Ел қорғаны" медалімен марапатталды
Қарулы Күштердің әскери қызметшісін өрттен адамдарды құтқарғаны үшін медальмен марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Құрлық әскерлері Әскери институтының әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Жандос Барлыбаев ерлігі үшін "Ел қорғаны" медалімен марапатталды.Бүгін марапатты қорғаныс ведомствосы басшысының атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыстады.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Алматы қаласында Красногорская көшесі, 4/1 мекенжайында орналасқан жатақхананың бірінен өрт шыққан болатын. Әскери қызметші ол туралы таныстарынан естіп, ойланбастан оқиға орнына барған. Көрші ғимараттың отқа оранған 2-ші қабатын көрген сержант Жандос Барлыбаев терезе торларымен екінші қабатқа көтеріледі. Ол жерден 12-13 жастағы баланы, төрт айлық нәрестені алып шығып, сондай-ақ анасының жанып жатқан ғимараттан шығуына көмектесті.