©El.kz/Артем Чурсинов

Қарттарды қаржы алаяқтарынан қалай қорғауға болады

Күн ортасында келген беймәлім телефон қоңырауы, мессенджердегі «шұғыл» хабарлама немесе ресми стильде жазылған SMS – қаржылық алаяқтықтың ең жиі басталатын көрінісі осы. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін мұндай байланыс тәсілдері үйреншікті әрі сенім тудырады. Өйткені бұрын банк, мемлекеттік мекеме немесе түрлі қызметтермен көптеген мәселе шынымен де телефон арқылы шешілетін.

Алайда дәл осы сенім алаяқтардың негізгі «құралына» айналып отыр. Олар күрделі технологияларды бұзбайды, хакерлік шабуыл жасамайды. Олардың басты әдісі – қорқыныш тудыру, асықтыру және эмоцияға қысым жасау. «Шотыңыз бұғатталды», «ақшаңызға қауіп төніп тұр» немесе «туысыңыз қиын жағдайға тап болды» деген сөздер адамға салқынқандылықпен ойлануға мүмкіндік бермейді.

Fingramota.kz сайтында жарияланған материалда атап өтілгендей, қарт адамдарды алаяқтардан қорғау – тек цифрлық қауіпсіздік мәселесі емес, бұл ең алдымен қамқорлық, назар және күнделікті сақтық дағдыларын қалыптастыру мәселесі.

Оқи отырыңыз:

Қарт адамдарды алдаудың кең таралған тәсілдері

1. «Банктен» немесе «қауіпсіздік қызметінен» қоңырау шалу

Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, шотта күмәнді операциялар анықталғанын немесе біреу кредит рәсімдемек болғанын айтады. Әңгіме байыпты әрі сенімді түрде жүргізіледі: нақты банк атаулары, таныс терминдер қолданылады. Мақсат – күмән тудырмау.

Одан кейін «ақшаны қорғау» сылтауымен SMS-кодты, карта деректерін сұрайды немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді. Fingramota.kz бұл жөнінде былай деп ескертеді:

«Нағыз банктер ешқашан PIN, CVV немесе растау кодтарын сұрамайды және телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді».

2. «Мемлекеттік органдардан» келген хабарламалар

Зейнетақыны қайта есептеу, айыппұл немесе деректерді шұғыл растау туралы SMS немесе мессенджердегі хабарлама алаңдаушылық тудырады. Ондағы сілтеме ресми сайтқа ұқсас жалған парақшаға апарып, дербес және банк деректерін енгізуге мәжбүрлейді.

Маңыздысы: мемлекеттік органдар ешқашан SMS немесе мессенджер арқылы жеке деректерді талап етпейді және асығыс әрекетке шақырмайды.

3. «Туысқаныңыз қиын жағдайда» схемасы

Бұл – ең қауіпті әрі эмоционалдық тұрғыдан ауыр тәсіл. Алаяқтар қоңырау шалып, ұлы, немересі немесе жақын адамы апатқа ұшырағанын, ұсталғанын немесе шұғыл көмек қажет екенін айтады. Олар біреуге хабарласуға тыйым салып, дереу ақша беруді талап етеді.

Мұндай жағдайда мамандар әңгімені бірден тоқтатып, туысыңызбен өзіңіз байланыс орнатуды ұсынады.

4. Жалған инвестициялар мен «кепілдендірілген табыс»

Қарт адамдарға «мемлекеттік бағдарлама», «сенімді кооператив» немесе криптовалютаға инвестиция салу ұсынылады. Жоғары әрі тәуекелсіз табыс уәде етіледі. Алайда шын мәнінде тәуекелсіз инвестиция болмайды, ал ресми бағдарламалар бейтаныс шоттарға ақша аударуды талап етпейді.

5. Мессенджер аккаунттарын бұзу

Жалған сілтемелер арқылы алаяқтар WhatsApp немесе Telegram-ды бұзып, қарт адамның атынан туыстарынан қарыз сұрайды. Сондықтан күмәнді хабарлама алсаңыз, алдымен жіберушіні тексеру қажет.

Қаржылық алаяқтық – тек технология емес, ең алдымен психология. Қарт адамдардың сенгіштігі мен алаңдаушылығын пайдалану – алаяқтардың басты қаруы. Сол себепті егде жастағы туыстарымызбен жиі сөйлесіп, осындай схемалар туралы алдын ала түсіндіріп отырған маңызды.

Бұған дейін ҚМДБ дипфейкті пайдалануға қатаң тыйым салғаны туралы жазғанбыз. Жалған сайттар мен ЖИ-технологиялар арқылы алдайтындар да көбейген. Сонымен қатар қазақстандықтар алаяқтықты танып үйренді ме деген сауалға жауап іздедік

Сонымен қатар Қазақстанда жиі кездесетін алаяқтық түрлеріне тоқталдық. Ал заңгер интернет алаяқтардан қорғану тәсілін түсіндірді.