Жаңалықтар

«Қарсыластар осал емес». Жамбы атудан көшпенділер ойынына дайындық басталып кетті

8-13 қыркүйекте Астана қаласында V көшпенділер ойындары өтеді
«Қарсыластар осал емес». Жамбы атудан көшпенділер ойынына дайындық басталып кетті
Фото: Коллаж El.kz 14.08.2024 12:02 1445

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына аз уақыт қалды. Дүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшыларымыз бүгінде дайындықтарын пысықтап жатыр. Күні кеше жамбы атудан ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасы анықталды.  El.kz тілшісі жамбы атудан дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білді.

Еліміздің ең үздік 10 жамбы атушы көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты.

Мергендер «Мажар», «Азия», «Түркі», «Жамбы» стилдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1-орынды Айтбек Сарыбай, 2-орын Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз ұтып алды. Ал әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алған еді.

Жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев қазіргі таңда дайындың қарқынды өтіп жатқанын айтты.

«Қарсыластар осал емес». Жамбы атудан көшпенділер ойынына дайындық басталып кетті

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Құрама командадан 4 спортшы көшпенділер ойынына қатысады. Іріктеу осы 8 тамызда өтті. Жарысқа 70-80 пайыз дайынбыз деп айта аламын. Әлі жұмыс істеу керек тұсымыз бар. Олармен әріқарай дайындықты қыздыра түсеміз, – деді бас бапкер Елдос Бадашев. 

Сондай-ақ жаттықтырушы аттың үстінде садақ ату оңай емес екенін тілге тиек етті.

Жамбы ату бұл бір жағынан ат спорты болса, ал екінші жағынан мергендікті талап ететін спорт түрі. Садақ ату ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан қанымызда бар өнер. Бала кезден садақ атып өстік. Сол сияқты қазіргі жастар да бізден көріп, шынайы садақ атып көрсем деп қызығушылық танытады. Онымен өнер көрсеткеннің өзі сырт көзге қызық болып тұрады. Аттың үстінде садақ атудың өзі оңай емес. Десе де, бұл спорт түріне бейімделген спортшылар көп, 7-8 жылдан бері айналысып үлкен жетістікке жетіп отыр, – дейді Елдос Бадашев.

Бас бапкер жамбы ату жастарға күш-жігер беретінін, ел-жер көріп, басқа елдердің атын мініп, тәжірибе алатынын жеткізді. Бұл спорт түрі сонысымен қызық деп отыр.

Жамбы атумен 2018 жылдан бері айналысып келе жатқан әлем чемпионы Батыр Бексауытты сөзге тартып, көшпенділер ойынына дайындығын сұрадық.  

«Қарсыластар осал емес». Жамбы атудан көшпенділер ойынына дайындық басталып кетті

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Батыр Бексауыт 2001 жылдың 8 тамызында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында I орын, Шымкентте өткен Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының алтын және қола жүлде иесі. Жамбы атудан ұлттық құрама мүшесі Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел намысын қорғайды. Қазір дайындық үстінде.

Мен көкпар шауып жүріп, 2018 жылы осы жамбы ату спортына қызығып, алғашқы жаттықтырушым мен әкемнің қолқа салуымен айналысып көрдім. Әріқарай менің бұл спорт түріне деген қызығушылығым ашылып, Аллаға шүкір қазірге дейін осы спортпен айналысып келемін, – дейді Батыр Бексауыт.

Ол қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жауапкершілігін сезініп, ел намысын қолдан жібермес үшін оқу-жаттығу жиынында артығымен жаттығу жасап жүргенін айтты.

Қазіргі таңда жарыста қателіктер орын алмас үшін барымызды салып дайындалып жатырмыз. Қарсыластарда осал емес. Мәселен Моңғолия, Венгрия, Франция, Индонезия мемлекеттерінің спортшылары мықты болып тұр. Себебі бұл жамбы ату спорты басқа шет мемлекеттерде қарқынды түрде дамыған. Техникалары өте жақсы, соған қарамастан барымызды салып, көк туымызды көтеріп, әнұранымызды бүкіл елдің алдында асқақтатуға аянбай тер төгеміз, – дейді әлем чемпионы Батыр Бексауыт.

Сондай-ақ ол жамбы атуда әр спортшының өзінің жеке-жеке аттары болатынын айтады. Алайда Батырдың астында өзінің жеке тұлпары болмағасын, Қызылорда облысынан атты жалға алып жатқанын тілге тиек етті.

«Қарсыластар осал емес». Жамбы атудан көшпенділер ойынына дайындық басталып кетті

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Жарысқа мықты ат керек. Ондай ат облыста болмағасын, басқа өңірден әкелуге мәжбүрміз. Бұл жарыста бұйырғаны болар. Мұнымен тоқтап қалмай, әріқарай садақты жаныма серік ете беремін. Дипломымды алып, жамбы атудан тренерлік жұмысқа бару ойда бар. Менде шәкірт тәрбиелесем деймін. Арман-мақсатта біреу «алтыннан алқа тағыну» және қазақ жігіттерінің осал емес екенін басқа елдерге дәлелдеу, – деп түйіндеді әңгімесін жамбы атудан ұлттық құрама ойыншысы Батыр Бексауыт.

Ал ел намысын қорғайтын келесі спортшымыз – Абзал Тұлыбеков. Ол 1998 жылы 30 қаңтарда Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2019 жылы Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жамбы атумен 2017 жылдан бері осы спортпен айналысып келеді.

Жамбы ату өзіме ұнайды. Аттың үстінде өнер көрсететіндіктен осы спортты таңдадым. Жамбы атудың негізгі ерекшелігі адамды, сабырлыққа, икемділікке бейімдейді. Бұл спортпен кез келген адам меңгеріп кете алады. Оған әрине, көп дайындық керек және аттың үстінде жақсы отыра алу тиіс. Кем дегенде үш ай қажет болады, – дейді ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков.

Қазір Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қызу дайындалып жатқан спортшымыз өз елімізде өтететін дүбірлі додада ел намысын қорғап, абыройды сақтап қалу маңызды деп отыр.

«Қарсыластар осал емес». Жамбы атудан көшпенділер ойынына дайындық басталып кетті

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Іріктеу сайыстары өте тартысты өтті. Ал енді біз алдағы 5-ші Дүниежүзілік ойындарында алтын алу үшін барымызды саламыз. Ел намысын абыроймен қорғауға уәде беремін, – дейді жамбы атудан ұлттық құрама спортшысы Ералхан Айкөз.

Қазіргі уақытта спортшыларымыз 6 тамыз күні Алатау бөктерінде басталған оқу-жаттығу жиынында дайындықтарын пысықтап жатыр. Жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады. Ал 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Оқу-жаттығу жиынын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр.

Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан дайындықтың қалай екенін жазған едік. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға