Жаңалықтар

Қарқаралы ауданының ветеринарлық қызметі жеті жаңа көлік алды

Қарқаралы ауданының ветеринарлық қызметі жеті жаңа көлік алды
Фото: gov.kz 03.04.2023 20:54 993

Жеті автокөліктің алтауы Абай, Қаршығалы, Қоянды, Егіндібұлақ, Ынталы және Шарықты ауылдық округтерінің ветеринариялық пункттеріне берілді. Тағы бір көлік аудандық ветеринариялық станцияға рәсімделді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қарағанды облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Ауылдық ветеринариялық пункттерді автомобильдермен қамтамасыз ету – біздің ауданымыздың көпжылдық проблемасы, қазір ол шешіле бастады. Бұрын біздің мамандардың қызметінде ескі "Нивалар" болған, олар жиі бұзылып, қолайсыздық туғызатын, – дейді Қарқаралы ауданының ветеринариялық станциясының басшысы Аян Мержақыпов.

Айымгүл Қойайдарова – Қаршығалы ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі. Оның қарамағында екі фельдшер және бір санитар жұмыс істейді. Олар Көктас ауылына, Жаңа жол бөлімшесіне, Саумалкөл станциясына және бес қыстаққа қызмет көрсетеді.

Біздің аумақта 3500-ге жуық ірі қара мал және 5300-ге жуық ұсақ мал бар. Ақпан айынан бастап бізде қарқынды жұмыс басталды. Бұл төлдеу және жануарларды жоспарлы вакцинациялау кезеңі. Көліксіз ешқайда бара алмаймыз, – дейді Айымгүл Қойайдарова. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға