Қараусыз қалған бала үшін айыппұл: ата-аналар нені білуі керек?
Мөлдір Қайнар тілші
Қазақстанда баланы қараусыз қалдыру қауіпті ғана емес, заңмен жазаланатын әрекет болып саналады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ата-аналардың көбі баланы аз уақытқа жалғыз қалдырудың салдары қандай болатынын біле бермейді. Алайда мұндай жағдай үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген, ал кейде бұл тіпті ауыр зардаптарға да әкелуі мүмкін. Finratings.kz осы тақырыпты зерттеп, ата-аналарға маңызды кеңестер ұсынады.
ҚР заңнамасында не делінген?
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланы қараусыз немесе бақылаусыз қалдыру – құқықбұзушылық болып саналады және айыппұл салуға негіз болады. Бұл норма баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған.
Қандай жағдайлар үшін айыппұл салынады?
Әдетте ата-аналар келесі жағдайлар үшін жауапқа тартылады:
- Баланы ұзақ уақытқа үйде жалғыз қалдыру;
- Кәмелетке толмағандарды көлік ішінде, дүкенде, көшеде немесе қоғамдық орындарда қараусыз қалдыру;
- Баланың әрекетіне бақылаудың болмауы салдарынан жарақат алу немесе қауіпке ұшырау;
- Кешкі немесе түнгі уақытта қараусыз қалдыру.
Айыппұл мөлшері қандай?
Мұндай құқықбұзушылық үшін мынадай әкімшілік шаралар қарастырылған:
- Алғашқы рет заңды бұзғандар үшін 10-20 АЕК көлемінде айыппұл (шамамен 36 920 – 73 840 теңге);
- Бір жылдың ішінде қайталанса – 30 АЕК-ке дейін (110 760 теңге), сонымен қатар бала құқығын қорғау органдары тарапынан отбасына қатысты қосымша шаралар қолданылуы мүмкін;
- Егер бала зардап шексе (жарақат алу, апатқа ұшырау), бұл қылмыстық жауапкершілікке дейін апаруы мүмкін.
Кім бақылау жүргізеді?
Баланы қараусыз қалдыру деректерін анықтап, бақылауды мына органдар жүзеге асырады:
- Ішкі істер органдары және учаскелік полиция қызметкерлері;
- Қамқоршылық және қорғаншылық органдары;
- Әлеуметтік қызметтер мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар;
- Тұрғындардың, көршілердің немесе мектеп мұғалімдерінің хабарламасы бойынша.
Айыппұл алмау және баланы қорғау үшін не істеу керек?
- Кішкентай баланы ешқашан жалғыз қалдырмаңыз;
- Қоғамдық орындарда баланы бақылаусыз жібермеңіз;
- Бала сабақтан тыс уақытта не істейтінін біліп отырыңыз;
- Қажет жағдайда жақындарыңыздан немесе сенімді күтушіден көмек сұраңыз.
Егер айыппұл салынса не істеу керек?
- Айыппұлды 7 күн ішінде төлесеңіз, 50% жеңілдікпен өтей аласыз;
- Егер шешіммен келіспесеңіз, 10 күн ішінде әкімшілік сотқа шағым түсіріп, өз позицияңызды дәлелдеуге құқығыңыз бар (мысалы, куәгерлердің көрсетілімдерімен).
Баланы қараусыз қалдыру – бұл тек әкімшілік бұзушылық емес, баланың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдай. Сондықтан ата-аналар баланың қауіпсіздігіне барынша жауапкершілікпен қарауы керек. Өз уақтында көрсетілген қамқорлық – отбасы амандығының кепілі.
Бұған дейін баланың психикасына смартфонның әсері туралы жазған едік.

