Қоғам дамуының басты қозғаушы күші – әр саланың маманына айналған еңбек адамдары. Қаланың шулы көшелерінен алыс, зауыттар мен цехтардың күнделікті қарбалас жұмысында көзге көрінбейтін, бірақ орасан зор еңбек атқарып жүрген азаматтар бар. Олар – елдің тыныс-тіршілігін қалыпта ұстап тұрған үнсіз кейіпкерлер. Солардың бірі – Жамбыл облысы Талас ауданының тумасы, «Super pharm» зауытының қаптау цехының жетекшісі Дина Мұхамбетова.
Қарапайым жұмысшыдан бөлім басшылығына дейінгі жол – оның қажырлы еңбегінің, адалдығы мен төзімділігінің жарқын көрінісі.
1977 жылы Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген Дина Бектұрғанқызы – еңбекпен есейіп, адалдықпен биікке жеткен әйел заты. Қарапайым ауыл мектебінде білім алып, кейін тұрмыс құрып, біраз жылын үй шаруасына арнаған ол 2011 жылы Тараз қаласындағы «Super pharm» фармацевтикалық зауытына жұмысқа орналасады. Ол кезде бұл қадам көпшілікке елеусіз көрінгенімен, Динаның өмірі үшін үлкен бетбұрыс болатын.
Еңбек жолын қаптау цехындағы қарапайым жұмысшы ретінде бастады. Бастапқы айларда жұмыс ауыр, тәртіп қатал, жауапкершілік жоғары еді. Бірақ ол ештеңеден тайсалмады. Әр істі ықыласпен атқарды, әріптестерінен үйренді, үнемі ізденіс үстінде жүрді. Үш жыл ішінде өндірістегі процестерді толық меңгеріп, ұжымға сыйлы маманға айналды. Төртінші жылы оған қаптау цехының жетекшілігі сеніп тапсырылды.
Табандылық пен сенім – табыстың негізі
Динаның айтуынша, еңбек жолы оңай болған жоқ. Бастапқыда жұмыс реттілігі мен өндірістегі тәртіпке үйрену үшін біраз уақыт қажет болды. Бірақ еңбекке деген сүйіспеншілік, ұжым ішіндегі жылы қарым-қатынас, отбасынан көрген қолдау оның басты тірегі болды.
Жұмыстың ең алғашқы күні әлі есімде. Бейтаныс орта, жаңа талаптар, физикалық ауырлық – барлығы қатты әсер етті. Бірақ мен өз-өзіме «бұл менің жаңа бағытым» деп сендірдім. Ерінбей үйрендім, сұраудан ұялмадым, ең бастысы – ешқашан «маған бұл ауыр» деп айтпадым, – дейді Дина.
Оның жетістігінің артында – тынбай атқарылған күнделікті жұмыс, әріптестермен ашық әрі сенімді қарым-қатынас, отбасының берік тылға айналуы жатыр. Қазір ол тек жұмысшыларға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, жас мамандарға тәлімгер ретінде де танылып отыр.
Әйел – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі
Бүгінде Дина Мұхамбетова – төрт баланың анасы, үш немеренің ардақты әжесі. Жолдасы Қанат екеуі бірнеше онжылдық бойы өмірдің ыстық-суығын бірге өткеріп, бір-біріне тірек бола білген жандар. Дина үшін отбасы мен қызмет – бір-біріне қарсы тұратын ұғымдар емес, керісінше, үйлесім мен өмірлік баланстың көрінісі.
Әйел адамның тек мансап қуып кеткені жарамайды. Сол сияқты үйде қалып қою да – шешім емес. Ең бастысы – тепе-теңдік. Мен үшін отбасы – басты құндылық. Бірақ әйелдің қоғамда да орны бар екенін ұмытпау керек. Жұмыс – менің екінші өмірім, – дейді ол.
Ол үй шаруасын да, ұжымдағы қызметін де шебер ұштастырып келеді. Таңмен таласа оянып, күнделікті жұмыстарды жүйелеп, зауытқа асыға жетіп, кешке қайта үйдің жылуын сақтап отыру – әрбір әйелге таныс жайт. Бірақ бұл біреуге ауырлық, біреуге – шабыт. Дина үшін бұл – қалыпты өмір салты, әрі өзінің өмірлік миссиясы.
Қаптау цехын басқару – тек әкімшілік міндеттер ғана емес, техникалық тәртіп, жұмысшылардың қауіпсіздігін қадағалау, өндіріс өнімділігін арттыру, моральдық қолдау секілді сан алуан жауапкершілікті қажет етеді. Дина бұл міндетті де абыроймен атқарып келеді. Ол әріптестерімен ашық сөйлесіп, тыңдай біледі, дау туындаса, сабырмен шешуге тырысады.
Жас мамандарға айтарым – еңбек етуден, сұраудан қорықпаңдар. Қандай жұмыс болмасын, шын ықыласпен атқарсаң, жемісін береді. Ұжымда сыйластық пен сенім болмаса, жұмыстың мәні кетеді. Сондықтан мен әріптестеріммен ең алдымен адам ретінде қарым-қатынас орнатуға тырысамын, – дейді Дина.
Жұмысшы мамандығына – лайықты құрмет керек
Бүгінде елімізде техникалық және жұмысшы мамандықтарының беделі артып келеді. Мемлекет еңбек адамының абыройын арттыруға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бет бұрған. Дина Мұхамбетова – осы өзгерістің нағыз символы іспетті. Ол – тек қаптау цехының басшысы ғана емес, замандастарына үлгі, жастарға жол сілтеуші.
Мен әйел затына бір күндік емес, күнделікті құрмет қажет деп санаймын. Әйел – тек аналық, жарлық міндетін ғана атқармайды, ол – кәсіпорынның, қоғамның белсенді мүшесі. Қолдау мен түсіністік болған жерде береке де, нәтиже де болады, – дейді ол.
Дина Мұхамбетованың өмір жолы – қарапайым еңбектің қалай үлкен абыройға жеткізетінінің жарқын дәлелі. Ол – мыңдаған еңбек адамының бейнесі, отбасының берекесі, ұжымның сүйеніш тұлғасы. Мұндай адамдар жайлы айту – ел рухын көтеру, жастарға дұрыс бағыт сілтеу деп білеміз.
Зауыт жыл сайын дамып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Ал сол өндірістің тынысын тірілтіп отырған Дина секілді мамандар – еліміздің экономикалық тірегі.
Ол – бір ғана зауыттың емес, тұтас еңбек адамының намысын арқалап жүрген қайсар жан.

