Fcshakhter.kz

Қарағандылық «Шахтер» жеке меншікке өтті

Қарағандының «Шахтер» футбол клубы аукцион қорытындысы бойынша жеке меншікке өтті. Бұл шешім өңірдегі футбол саласын жаңғыртуды көздейтін ауқымды реформалардың бастауына айналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Клубты қазақстандық кәсіпкердің ірі бизнес-тобына кіретін компания сатып алғаны белгілі болды. Сауда ашық форматта ұйымдастырылып, жекешелендіру барлық заң талаптарына сәйкес жүргізілді. Алдағы уақытта сатып алу-сату шарты ресімделіп, клуб жаңа құрылымның басқаруына өтеді.

Жекешелендіруден кейін «Шахтерді» дамытуға бағытталған кешенді жоспар іске асырылмақ. Өңір басшылығы Freedom Holding Corp. компаниялар тобымен бірге Қарағанды облысында жаңа футбол экожүйесін қалыптастыруға кірісті. Жобаның жалпы құын: 18,5 млрд теңге.

  • 12 млрд теңге - жаңа футбол академиясын салуға;
  • 6,5 млрд теңге - балалар, жасөспірімдер және бұқаралық футболды өркендетуге жұмсалады.

Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының қолдауымен бірнеше бастама жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда:

  • ALGA! мектеп бағдарламасы - 2029 жылға дейін 40 мыңнан аса оқушы мен 3 600 студентті қамту жоспарланған;
  • BFL ресми балалар-жасөспірімдер лигасының дамуы;
  • жаңа «Шахтер» футбол академиясының құрылысы;
  • өңірлік футболды дамыту стратегиясын іске асыру.

Болашақ академияның құрылысы шамамен 10 гектар аумақта жүргізіледі. Жобаға заманауи стадион, жыл бойына жаттығуға арналған жабық манеж, толық өлшемді алаңдар, әкімшілік корпусы, медициналық орталық, бассейн, сауна, асхана және жатақхана кіреді. Барлық нысандар жылы өткелдермен біріктірілмек. Сондай-ақ жаттығу аймақтары, бульвар және автотұрақ салу жоспарда бар. Негізгі жұмыстарды 2027 жылы аяқтау көзделген.

Клуб пен өңірлік футболға қажетті кадрларды даярлау да назардан тыс қалмайды. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, халықаралық тағылымдамалардан өту және UEFA лицензияларын алу мүмкіндігі қарастырылуда. Футбол инфрақұрылымы облыстың ауылдық аумақтарын да қамтитын болады.

Айта кетейік, «Шахтер» қазіргі таңда Бірінші лигада өнер көрсетеді.