Polisia.kz

Қарағандыда полицейлер ер адамды құтқарып қалды

07.06.2025 03:20

Қарағандыда полицейлер 9-қабаттағы балконнан секірмек болған ер адамды аман алып қалды. Оқиға 5 маусым күні Тәттімбет көшесінде болған, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Көпқабатты үйдің тоғызыншы қабатындағы балконның сыртында арқанға ілініп тұрған ер адамды көрген куәгерлер бірден құтқару қызметтеріне хабар берген. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар оқиға орнына жылдам жетіп, шұғыл әрекетке көшкен. Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Әділет Әмірбеков ер адамды әңгімеге тартып, оны райынан қайтаруға тырысқан. Осылайша полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында 39 жастағы азамат құтқарылды.

Құтқарушылар есікті ашуға әрекеттеніп жатқанда, мен балкон сыртында тұрған ер адаммен сөйлесуге тырыстым. Уақыт санаулы еді. Әріптестерім төменгі қабатта сақтық шараларын бақылап тұрды. Ақыры бір сәтте оны ішке қарай тартып үлгердік, - деді ол.

Қазіргі таңда құтқарылған азамат медициналық бақылауда. Дәрігерлер мен психологтар оның мұндай әрекетке не үшін барғанын анықтап, тиісті көмек көрсетуде.