QJ League

Қарағандыда футбол академиясының жобасы таныстырылды

Қарағанды облысы әкімдігінде балалар мен жасөспірімдерге арналған заманауи футбол академиясын салу жобасының таныстырылымы өтті. Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясы әзірлеген. Академияны холдингтің бас атқарушы директоры Тимур Турлов облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жоба аясында жыл бойы жұмыс істейтін жабық манеж, бірнеше мың көрерменге арналған стадион, жылытылатын жаттығу алаңы, ұлдар мен қыздарға арналған интернат, медициналық бөлімдер мен өзге де қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Академияның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде интернат тұрғын үйі, оқу сыныптары, ұлдар мен қыздарға арналған бөлек шешінетін және жуынатын бөлмелер, спорт залы, гимнастикалық зал, массаж және физиотерапия кабинеттері бар сауна кешені, 120 орындық асхана, әдістемелік және конференциялық бөлмелер, медпункт, кір жуатын орын мен басқа да қызметтік бөлмелер болады.

Жаңа стадион халықаралық стандарттарға толық сай салынбақ. Трибунадағы орындар заманауи әрі қауіпсіз материалдардан жасалып, әр көрерменге ыңғайлы жағдай жасалады.

Манеж бен жаттығу алаңының көлемі – 105x68 метр. Жалпы алғанда, кешен аумағында жасанды төсеммен жабдықталған үш толық көлемді футбол алаңы салынады. Бұл жыл бойы үздіксіз жаттығу мен жарыс өткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ баскетбол мен волейболға арналған алаңдар, балалар ойын аймағы, воркаут және жылыну алаңдары бой көтереді.

Академия құрылысына бөлінген жер телімі – 9,61 гектар. Жалпы құрылыс ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Жоба толығымен Freedom Holding Corp. компаниясының қаржысы есебінен жүзеге асады. Құрылыс құны 11-12 миллиард теңге шамасында бағалануда.

Мақсатымыз – жас спортшыларға арналған жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін заманауи орталық құру. Мұнда балалар тек кәсіби спорттық жағдай ғана емес, сонымен қатар білім алуға, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруге мүмкіндік алады. Біз бұл жерден болашақ ұлттық құраманың мүшелері шығатынына сенеміз.

Академияны басқару жеке сектор мен жергілікті билік өкілдерінің серіктестігі арқылы жүзеге асады. Бұл тәсіл бизнестің үздік тәжірибесі мен мемлекеттің стратегиялық ұстанымын үйлестіре отырып, тиімді басқаруға жол ашады, – деді Тимур Турлов.

Өз кезегінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев футбол академиясының маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың ел болашағы үшін аса маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Жаңа академия заманауи талаптарға толық сай болады және Қарағанды футболының дамуына жаңа серпін беріп, елімізге жаңа есімдер мен жарқын жетістіктер сыйлайды деп сенемін, – деді әкім.

Кездесу соңында Тимур Турлов Ермағанбет Бөлекпаевқа бірлескен ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, оған QJ League All Star командасы мен сербиялық «Црвена Звезда» тәрбиеленушілері арасындағы жолдастық матч кезінде киілген эксклюзивті футболканы естелік ретінде табыстады.