Жаңалықтар

Қарағанды тергеушісіне мерзімінен бұрын арнайы атақ берілді

Аталған қылмыстық істі тергеген Әли Күрентаев 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылған күдіктілердің кінәсін толық дәлелдеді
Қарағанды тергеушісіне мерзімінен бұрын арнайы атақ берілді
Фото: polisia.kz 04.11.2022 10:47 7309

Трансұлттық топтың қызметін тергеудегі кәсібилігі үшін Қарағанды қаласының ПБ тергеушісіне мерзімінен бұрын арнайы атақ берілді, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді. 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Қарағанды қаласының Полиция басқармасының аға тергеушісі Әли Күрентаевқа мерзімінен бұрын арнайы атақ берілді.

Ә. Күрентаевқа погонды Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы  Ерлан Файзуллин тапсырды. Әли Күрентаев психотроптық заттарды дайындау және сатумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топтың әрекеті фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.

Түрлі логистиканы пайдалана отырып, қылмыскерлер синтетикалық есірткіні әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Грузия аумағында таратқан. Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар алты адам болды. Оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Жедел-іздестіру іс-шарасының барысында 70 келіден астам синтетикалық есірткі және 3,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Олардың қара нарықтағы бағасы тиісінше 2,8 миллиард теңгеден және 24 миллиард теңгеден асатын еді.Синтетика мен прекурсорлардың мұндай үлкен партиялары Қазақстанда алғаш рет анықталды.

Аталған қылмыстық істі тергеген Әли Күрентаев 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылған күдіктілердің кінәсін толық дәлелдеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға