Жаңалықтар

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі бар 150-ге жуық елді мекен бар

Олар ерекше бақылауға алынды
Қарағанды облысында  су тасқыны қаупі бар 150-ге жуық елді мекен бар
Фото: inbusiness.kz 17.02.2023 04:07 923

Қарағанды облысында өңірдің су тасқынына дайындығы пысықталды, деп хабарлайды El.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов және "Қазгидромет" РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының гидрология бастығы Ілияс Сейітқалиевпен өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы айтты.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағында жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде. Негізгі дайындық жұмыстары 2022 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде жүргізілді.

Қарағанды қаласындағы ұзындығы 7,2 шақырым Солонка өзенін қалпына келтіру және Осқакаров ауданындағы Ақбастау өзенінің ұзындығы 3,5 шақырымды қалпына келтіру, Нұра өзенін қалпына келтіру сияқты ірі жобалар жүзеге асырылды. Ғ.Мұстафин атындағы елді мекенде ауданы 4,7 км. қалпына келтіру жұымстары жүргізілді.

Бұқар-Жырау ауданында жағалауды бекіту, Нұра өзенінің арнасын тереңдету және Нұра және Соқыр өзендері арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңарту бойынша 4 іс-шара жүзеге асырылуда. Бұл елді мекендерді су басу қаупін барынша азайтады.

Бүгінгі таңда 13,9 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылды, 20 км өзен арналарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілді, 1,8 км су бұру арналары салынды, 17,2 км дренаж және су бұру жүйелері тазартылды.

Қалалар мен аудандарда қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Облыс бойынша әкетілген қардың көлемі 850 мың м3 құрайды. Облыста су тасқыны қаупі бар 149 елді мекен, автомобиль жолдарының 99 су тасқыны қауіпті учаскесі, 237 су шаруашылығы құрылыстары ерекше бақылауға алынды, - деді Ақылбек Ахметжанов.

Қазіргі уақытта барлық су тасқыны қауіпті учаскелерде алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 3440 адамнан тұратын аумақтық азаматтық қорғау кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары, 1388 бірлік техника жоғары дайындыққа келтірілді.

Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері тұрақты бақылауда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға