Жаңалықтар

Қарағанды облысында катодты мыс өндіретін зауыт іске қосылды

Кәсіпорында 140 жұмыс орнын құру жоспарланған
Қарағанды облысында катодты мыс өндіретін зауыт іске қосылды
Фото: gov.kz 08.11.2022 13:17 1607

Қарағанды облысында Борлы кен орнында катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың ресми ашылу салтанаты өтті. Жоба Қазақстан мен Иран арасындағы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық аясында іске асырылды, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа зауыттың жобалық қуаты жылына 5 мың тонна катодты мыс құрайды. Сондай-ақ, кәсіпорында 140 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Катодты мыс SX-EW технологиясы бойынша мысты металл қалыптамасына тұндыру арқылы өндіріледі. Мыс катодтары M00k маркасына сәйкес келетін жоғары тазалық пен сапаға ие.

SX-EW катодты мыс өндіру технологиясы гидрометаллургиялық процеске негізделген инновациялық әдіс. Бұл заманауи технология елімізде соңғы онжылдықта қолданыла бастады, ол зауыттар салуға үлкен шығындарды қажет етпейді. Сонымен қатар, катодты мыс өндірісінде төмен өзіндік құнымен ерекшеленеді және кедей кендердің қорларын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, металлургиядағы ең экологиялық таза әдіс болып табылады.

Жыл сайын өндірістік қуаттылықтардың жеткіліксіз көлеміне байланысты Қазақстан мыс концентратының шамамен 30%  (966 мың тонна) шетелге экспорттайды. Ал, жаңа кәсіпорындардың ашылуы мыс концентратын ел ішінде барынша қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға ықпал етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға