Жаңалықтар

Қарағанды облысы Шахтерлер күнін тойлауда

Қарағанды облысы Шахтерлер күнін тойлауда
Фото: instagram.com/akimat__09 25.08.2024 19:12 333

Қарағанды облысында өңірдің басты кәсіби мерекесі – Шахтерлер күні атап өтілуде. Кеншілер мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен марапатталды, жергілікті және шақырылған әртістердің қатысуымен концерттер ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қарағандыда кәсіби мереке қарсаңында көмір өнеркәсібінің 18 өкіліне мемлекеттік наградалар табыс етілді. Төрт қызметкер "Құрмет" орденінің иегері атанды. Тағы төртеуі III дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталып, он адам "Ерен еңбегі үшін" медалін алды. Мемлекет басшысының атынан марапатты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті.

Ведомстволық наградаларды тапсыру үшін Қарағандыға ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков келді. Аймақ кеншілері І, ІІ, ІІІ дәрежелі "Шахтер даңқы", "Еңбек даңқы" төсбелгілерімен және "Еңбек ардагері" медальдарымен марапатталды.

Qarmet басшылығы кеншілерді бағалы сыйлықтармен марапаттады. 11 қызметкерге жеңіл автокөлік табысталды.

24 тамызда Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңы мерекелік шаралардың орталығына айналды. Мұнда бірнеше мың адам жиналды. Өз өнерлерімен Luina, Ninety One, "Банд'Эрос" тобы және басқа да көптеген әртістер көрермендерді қуантты. Мерекелік шара түрлі-түсті отшашумен аяқталды.

Қазақстандық Shiza, RaiМ және JUZBIR жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттер 25 тамызда Абай, Саран және Шахтинск қалаларында өтті. Қарағанды облысының әкімі бұл қалаларда болып, кеншілерді Шахтёрлер күнімен құттықтап, оладың қажырлы еңбегі мен күнделікті ерлігі үшін алғысын білдірді.

Құрметті жерлестер, Шахтердің еңбегі – бұл кәсіп, жауапкершілік және рухтың күші. Сіздер біздің үйлерімізді энергиямен және жылумен қамтамасыз етесіздер, елдің экономикалық тірегін қолдайсыздар. Біз өз шеберліктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін еңбек әулеттерімізді мақтан тұтамыз. Сіздердің күштеріңіз, сіздердің рухтарыңыз біздің аймақты ерекше етеді. Мерекемен шын жүректен құттықтаймын және шаңырақтарыңыз биік, жұмыстарыңыз жемісті болсын деп тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға