©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Қарағанды облысы ат спортының орталығына айналмақ

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірде ұлттық спортты, әсіресе ат спорты түрлерін дамытуға айрықша назар аударылатынын атап өтті. Бұл туралы ол «Ortalyq Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сарыарқа бұрыннан ұлттық спорттың, оның ішінде ат спортының үздік мектебі екені баршаға аян. Бір ғана мысал келтірейін. Біздің облыста шамамен 12 мың адам ұлттық спорттың бірнеше түрімен айналысады. Олар түрлі спорттық клубтарда тіркеліп, жарыстарға қатысады. Шындығында, ұлттық спортпен айналысып, оны қолдайтындардың қатары бұдан әлдеқайда көп. Өйткені бұл – біздің мәдени кодымыздың, ұлттық санамыз бен әдет-ғұрпымыздың ажырамас бөлігі, – деді ол.

Әлібек Әлденейдің айтуынша, қарағандылық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістігі де көңіл қуантады. Мәселен, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жергілікті саңлақтар ел қоржынына 4 медаль салды. Сонымен қатар жыл сайын аймақта ұлттық спорттың 8 түрінен «Сарыарқа – Ұлы дала ойындары» өткізіліп келеді.

Біз осы саладағы жетістіктерімізді еселеп, қабілетімізді күшейтуді көздеп отырмыз. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысын ат спортының орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ата-бабамыздан мұра болып қалған тарихи салт-дәстүрімізді жаңғыртумен қатар, туризм, спорт, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен экономиканы тоғыстыратын мультисалалық индустрия құруға мүмкіндік береді. Сарыарқаның кең даласы, сондай-ақ Ресей, Орталық Азия және Еуропаға жақын орналасқаны бұл жобаны жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама өңірге қомақты инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашады, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Қарағанды облысының әкімдігі

Оның айтуынша, өңір спортының жалпы жетістіктері де айтарлықтай. Биылғы жылы қарағандылық спортшылар 140 халықаралық жарыста 418 медаль жеңіп алған.

Жастарға үлгі болатын жарқын мысалдар бар: боксшы Аида Әбікеева әлем чемпионы атанды, Владислав Киреев қысқы Азия ойындарында алтын мен қола еншіледі, ал паралимпиадашылар Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова қола жүлдені қанжығасына байлады. Мұндай жеңістер, сөзсіз, қанаттандырады. Бірақ біздің міндет – осы жетістіктерді тұрақты нәтижеге айналдыру, жүйелі табысқа жеткізу. Ол үшін мықты инфрақұрылымдық база қажет. Сондықтан біз тек нәтиженің өзіне емес, сол нәтижеге апаратын жолға да баса мән беріп отырмыз, – деді Әлібек Әлденей.

Әкім орынбасарының пікірінше, ұлттық спортты дамыту – аймақтың экономикасына серпін беретін әрі Қарағанды облысының беделін арттыратын маңызды бастама болмақ.