Қара өрік неліктен таптырмас жеміс екені айтылды
Қара өрік (чернослив) жүрекке, сүйекке және иммунитетке пайдалы, сонымен қатар салмақты бақылауға көмектеседі. Бұл туралы Championat.com-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Қолданылу тарихы мен мәдениеті
Қара өрік адамзатқа 2000 жылдан астам уақыттан бері белгілі. Ежелгі Рим мен Мысырда бұл кептірілген жемісті тек дәмділігі үшін ғана емес, шипалық қасиеттері үшін де жоғары бағалаған. Орта ғасырларда ол асқорыту мәселелеріне қарсы және жұмсақ тыныштандырғыш ретінде қолданылды. Бүгінде қара өрік әлемнің әр түкпірінде – Калифорниядан Иранға дейін өсіріледі. Мұнда арнайы сұрыптар кептіріліп, пайдалы заттардың барынша сақталуына жағдай жасалады.
Құрамы
Қара өрік – жаңа өріктің нағыз дәрумен мен минерал қоймасы. Кептіру кезінде жеміс суын жоғалтқанымен, негізгі дәрумендер мен минералдар сақталып, кейбірі тіпті анағұрлым шоғырланады.
Оның құрамында:
Дәрумендер: А (бета-каротин), К, С, В тобы (әсіресе В6) – иммунитетті, көруді және жүйке жүйесін қолдайды;
Минералдар: калий (жүрекке пайдалы, қан қысымын реттейді), темір (қанға қажет), магний (жүйке жүйесіне әсер етеді), фосфор мен кальций (сүйек беріктігі үшін маңызды);
Антиоксиданттар: полифенолдар мен флавоноидтар – жасушаларды қартаюдан және қабынудан қорғайды;
Талшықтар: 100 г өнімде шамамен 7 г – асқорытуды жақсартуға көмектеседі;
Пребиотиктер: ішек микрофлорасын қоректендіріп, иммунитетке және зат алмасуға оң әсер етеді.
Қара өріктің пайдасы
Асқорытуды жақсарту
Құрамындағы сорбитол мен талшықтар ішек жұмысын жұмсақ түрде белсендіреді. Күніне 3-4 дана қара өрік қабылдау ішек қозғалысын реттеуге көмектеседі. Зерттеулерге сәйкес, ол кейбір дәрілерге қарағанда тиімдірек.
Жүрек пен қан тамырын қорғау
Калий мен магний жүрек бұлшықетін нығайтып, қан қысымын қалыпқа келтіреді және «жаман» холестеринді төмендетеді. Антиоксиданттар тамырдағы қабынуды азайтып, атеросклероз қаупін төмендетеді.
Сүйек саулығы және остеопороздың алдын алу
Қара өрікті жүйелі тұтыну сүйек тығыздығын сақтауға, құрылымы мен беріктігін жақсартуға ықпал етеді (әсіресе 50 жастан асқан әйелдер мен ерлерге).
Иммунитетті нығайту
С дәрумені мен антиоксиданттар ағзаны вирустар мен бактерияларға төзімді етеді. Ал пребиотиктер ішек микробиомын жақсартып, қорғаныш қабілетін күшейтеді.
Салмақты бақылау
Гликемиялық индексі төмен (шамамен 29), тәбетті басып, тәттіге деген құмарлықты азайтады және қандағы қант деңгейін тұрақтандырады.
Тері саулығын жақсарту
Қара өрік құрамындағы дәрумендер мен антиоксиданттар ылғалдандырушы, жұмсартушы әрі жасартушы әсер береді. Сондықтан ол косметикада да кеңінен қолданылады.
Бұған дейін шаш бояуы қатерлі ісік тудыра ма деген сауалға жауап іздеп көрдік. Сонымен қатар ыстық ауа райының кері әсері туралы жазғанбыз.

