Жаңалықтар

Қар мен жауын суын тоқтатуға арналған су қоймалар салу керек - депутат

Қар мен жауын суын тоқтатуға арналған су қоймалар салу керек - депутат
Фото: parlam.kz 22.04.2024 18:31 583

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдап, су тасқынына қарсы қандай шаралар қабылдау керегін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бүгінгі күні Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі су тасқынына байланысты төтенше жағдай ешкімді бей-жай қалдырып отырған жоқ. Қарапайым халық баспана, мал-мүлкінен айырылып, инфрақұрылым, байланыс нысандары істен шығып, әлеуметтік жағдай ушығып кетті. Тасқын салдарын жою бойынша жұмыстарды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз бақылауына алып, тіпті су басқан бірнеше облыстарды аралады. Наурыздың аяғында мен де ең алғашқылардың қатарында суға батқан Қостанай облысының Арқалық, Аманкелді мен Жангелдин аудандарының ауылдарына барып, бар жағдайды өз көзіммен көріп қайтқан болатынмын. Бұзылған үйлер, өлген үй мен дала жануарларын, жырылған жолдар мен құлаған бағандардың көрінісі жантүршігерлік, - дейді депутат.

Сондай-ақ сумен күресіп, үйлері мен ауылдарын аман сақтап қалудың амалын жасап жүрген жергілікті халықтың жұмылып атқарған істерін де алғаш рет сол жақтан көргенін атап өтті.

Дегенмен, арнайы техника, құрал-саймансыз табиғи апатқа төтеп беру мүмкін емес. Кейін мұндай жағдай Қазақстанның барлық су басқан өңірлерінен де байқалды. Әдетте де жағдайы мәз емес ауылдарымыз төтенше жағдайға дайын болмай шықты.  Апат айтып келмейтіні анық. Президенттің тапсырмасына сәйкес барлығы орнына келтіріліп, зардап шеккен еш қазақстандық үйсіз қалмайды, халықтың шығындары өтеледі. Бірақ, биылғыдай көлемді су тасқынының қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, - деді мәжілісмен.

Осыған орай, әр өңірдің климаттық және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, дереу барлық өңірлерде қандай іс-қимылдар қабылдау қажет екеніне тоқталды:

Үкіметтің резервегі қаражаты есебінен келесі іс-қимылдарды іске асыру керек:

  1. Инфекциялық ауру тарау қаупінің алдын-алу үшін өлген жануарларды дереу санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жою, ауыз судың сапасын тексеру;
  2. Су тасқынымен байланысты апаттардың алдын алу үшін және екінші жағынан суармалы су мен су тапшылығы бар жайылымдық жерлерде қар мен жауын-шашын суын тоқтатуға арналған су қоймаларын салуды қарастыру;
  3. Республикалық және жергілікті автожолдардың су өткізгіш құбырларын тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу. Қостанай облысы бойынша қарайтын болсақ, республикалық маңызға ие 822 құбырдың 163 құбыр күйзелген және 53-і жөндеуді қажет етеді. Жергілікті маңызға ие жолдарда 1985 құбырдың 495-іне жөндеу жұмыстарын жасау;
  4. Аудандардағы төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жеке құрамын арттыруды, олардың материалдық-техникалық қамсыздануын, оның ішінде өрт сөндіру техникасы, жүзу құралдары мен су сорғыш жабдықтармен қамтамасыз ету. Мысалға, Қостанай облысы бойынша аудандардағы қызметкерлердің орта саны 4-6 адам, ал техникамен қамтамасыз етілу 54% ғана құрайды;
  5. Шалғай аудандардың көліктік қолжетімділігін жақсарту, әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту қажет. Мысалы, Астана мен облыс орталығынан, республикалық автомобиль жолдарынан алыс орналасқан Торғай өңірінде ол мәселе шешілмеген. Су тасқынының салдарынан Жангелдин ауданының көп бөлігі су ортасында арал болып, оқшауланып қалды және бұл бірінші рет емес. Осы ретте Жангелдин ауданының орталығы Торғай ауылын «Орталық-Батыс» көлік дәлізін құру шеңберінде Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен автожол арқылы байланыстырған жөн. Еліміздің орталығы мен батысын арасындағы төте жол жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту, халықтың ауылдан кетуін азайту сияқты мәселелерді шешуге ықпал ете алатыны анық.

Сондай-ақ, Арқалықта әуежай салу мәселесін жеделдету қажет. Өйткені, оның жоқтығы шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысына инвестициялар тартуға тежеу болуда. Әуежайдың қажеттілігін су тасқыны да айқын дәлелдеп берді. Авиакерасин сақтайтын қоймалардың болмауынан басқа өңірлерден барған тікұшақтар жанармайдың жоқытығынан сын сағатта жұмыссыз тұрып қалған. Қарауыңызды сұраймын, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға