Қар барысы Қырғызстанның ұлттық символы ретінде ресми түрде бекітілді
Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті елдің ұлттық символы ретінде қар барысын (ілбіс) ресми түрде бекітті. Тиісті қаулыға Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев қол қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Құжатта қар барысының бейнесі бар ресми логотип пен оны пайдалану тәртібі де белгіленген. Бұл шешім 2023 жылдың 29 желтоқсанындағы Президент Жарлығын іске асыру мақсатында қабылданған. Жарлықтың басты мақсаты - Қырғызстанның табиғи және мәдени мұрасын бейнелейтін ұлттық символдарды сақтау, қорғау және кеңінен насихаттау.
Министрлер кабинеті табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігіне қар барысының популяциясын сақтау және оның тіршілік ету аймағын қорғау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, барлық мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарына және меншік түріне қарамастан ұйымдар мен мекемелерге осы қаулыны басшылыққа алу міндеттелді.
Қар барысы – Қырғызстан тауларының ежелгі мекендеушісі әрі еркіндік пен қайсарлықтың символы ретінде ерекше мәнге ие. Бұл жануардың бейнесі елдің экологиялық жауапкершілігін және табиғатты қорғауға деген ұлттық ұмтылысын көрсетеді.
Қаулы оның ресми жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енді.

