Қақпашы Шерхан Қалмырзаға ректорлық білім гранты тағайындалды
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, жас қақпашы Шерхан Қалмырзамен жүздесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кездесу барысында министр бұқаралық спорттың ел болашағы үшін маңызына тоқталып, жоғары білім жүйесінің жастарды қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті:
Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән береді. Президент өз сөзінде: «Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе», – деген еді. Осы бағытта біз де жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашуға және еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға жағдай жасап келеміз.
Ведомство басшысы барлық спортшы халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы қажет екенін еске салды.
Бұл оларға спорттағы жоғары жетістіктерге ғана емес, спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де түрлі салаларда табысты болуға мүмкіндік береді. Жас қақпашының көрсеткен тарихи нәтижесі – бүкіл қазақстандық жастар үшін жарқын үлгі. Оны осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын және алдағы ойындарда сәттілік тілеймін, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, бүгінде талантты жастардың жаңа буынын қалыптастыру үшін берік негіз қаланған. Жастарға қолдау көрсету аясында Шерхан Қалмырзаға ректордың білім гранты табысталды. Бұл шешім студенттің қажырлы еңбегі мен табандылығын бағалаудың айқын көрінісі болды.
Қазақ спорт және туризм академиясының спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орны жастардың бастамаларын әрдайым қолдайтынын атап өтті:
Біз студенттер мен спортшылардың дамуына жағдай жасауға мүдделіміз. Академия қабырғасында тәрбиеленіп жатқан әрбір жас өз саласында биіктерді бағындыруға лайық, – деді ол.
Өз кезегінде Шерхан Қалмырза көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, елдегі футболдың дамуына өз үлесін қосуға ниетті екенін айтты.
Бұған дейін Шерханның атасына ерекше сыйлық жасағаны туралы жазғанбыз.

