Жаңалықтар

Қаңтарда жасалған қылмыс бойынша 5300 қылмыстық іс қозғалды

Қаңтар оқиғасына қатысты Мәжіліс депутатының сауалына Бас прокурор жауап берді
Қаңтарда жасалған қылмыс бойынша 5300 қылмыстық іс қозғалды
Фото: El.kz 05.01.2023 10:35 1728

Мәжілістің жалпы отырысы қаңтар құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары жауап беруін талап етіп депутаттық сауал жолдаған болатын.

Отырыста халық қалаулысы бүкіл елді дүр сілкіндірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасына 1 жыл болғанын, сол күндері халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келгенін тілге тиек етті.

«Мемлекетіміздің тұтастығы мен мызғымас егемендігіне зор қауіп төнді. Қаңтар күндері Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан-жүрегімізбен сезіндік. Қаңтардың басы Маңғыстауда өріс алғаны белгілі. Оқиға сұйытылған газ бағасын төмендету керек деген ұранмен басталды. Басында бейбіт түрде басталған шеруді арандатушы топтар пайдаланып, оның соңы ірі қалаларда тәртіпсіздік пен қайғылы оқиғаларға ұласты», - деді депутат.

Мәжілісмен мемлекеттік төңкеріске итермелеген оқиғаны мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмағанын атап өтті.

«Құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы есеп беріп, бәрі ашық айтылды. Сол кезде бірінші рет қайтыс болған 238 адамның тізімі мен 3 мыңнан астам қарудың ұрланғаны хабардар етілді. Қоғамды мазалаған сұрақтарды бүкпесіз қойдық. Біріне жауап алсақ, енді кейбіріне тергеу амалдарынан соң нақты жауап айтылады делінді. Бүгінгі күні болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек қана болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдарының тергеу амалдарының қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз», - деп депуттаттық сауал жолдағанын отырыста баяндады.

Аталған депутаттық сауалға Бас прокурор Берік Асылов жауап берді.

«Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар. Тергеу органдары оқиғаның хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болды. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қалай қайтыс болғанын зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғасуда. Қаза болғандардың саны туралы мәлімет дұрыс. Жүргізілген тергеу аясында мұқият тексерілді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілер 142 адам төтенше жағдай мен антитеррористік операция режимін бұзушылар және 4 адам басқа да қылмыс жасау кезінде өлген. Алматы қаласында 151 адам қаза болды. Олардың көбісі Президент резиденциясына шабуыл кезінде болды. Адам өлімі, Шымкентте, Таразда, Қызылордада орын алды. Жалпы қаңтардағы жасалған қылмыс бойынша 5300 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігін ІІМ тергеді. Олар негізінен адам өлтіру, қару-жарақ ұрлау», - деді Бас прокурор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға