Жаңалықтар

Қаңтар қазақтың қыран мінезін паш етті – Бақытбек Смағұл

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мемориалдың ашылуы жайында пікір білдірді
Қаңтар қазақтың қыран мінезін паш етті – Бақытбек Смағұл
Фото: egemen.kz 23.12.2022 16:36 3573

Мемлекет басшысы Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысып, қаңтар құрбандарына тағзым етті. Мемориалдың ашылуы жайында Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

«Қанды қаңтар оқиғалары тарихымыздың бетбұрысты кезеңіне айналды. Ол ел жадынан ешқашан өшпеуге тиіс. Сол қасіретті оқиғалар күні мемлекеттілігімізді, тұрақтылығымызды сақтап қала алуымыз еліміздің еңсесін көтеріп, ұлтымызды ұйыстыра түсті. «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деген халық даналығына бағынған қазақстандықтар бірлігін, ынтымағын паш етті. Президентіміз де, халқымыз да күн туғанда жан сауғалап қашпады, бас сауғалап бұқпады. Қаңтар оқиғалары елін қалтқысыз сүйген, қиындықтан қаймықпай, дүлей соққан дауылға қарсы жүрген қазақтың қыран мінезін кезекті рет көрсетті», – дейді депутат.

Халық қалаулысы 5 қаңтар бейбіт шеру бейберекетсіздікке ұласқан уақытта Ауған ардагерлерімен, Qazaqsтan Ardagerleri ұйымының өкілдерімен бірге әр өңірде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге жәрдемдескенін атап өтті.

«Өзім жетекшілік етіп, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның басшылығымен тұрақты байланыста болдым. Басын бәйгеге тіге жүріп, тәртіп пен тұрақтылықты қорғаған күштік құрылымдар қызметкерлері мен әскерилеріміздің айбынды ерлігі алдында басымды иемін. Қасіретті қаңтар оқиғалары тәуелсіздік жылдарындағы ең зұлматты оқиғаға айналды. Ол елдігімізге, тәуелсіздігімізге сынақ болды. Қазақтың бірлігі, ірілігі сыналды. Президентінің айналасында топтасқан Қазақстан халқы бұл сынақтан сүрінбеді. Мемлекетіміз күйреп, әлем картасынан сүрілмеді. Қазақтың қайсар рухы жаншылмады», – дейді.

Осының арқасында бүгінде Әділетті Қазақстанды құру бақытына қол жеткенін және ел болып қаламыз ба, жоқ па деген ой мазалағанын тілге тиек етті.

«Бүгін Мемлекет басшысы Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысып, біраз ой толғады. Президент халықпен бірге тағзым етіп, қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл да болса, ел басшылығының жаңғыру жолында шейіт болған азаматтардың рухына зор қошеметі. Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты», – деді.

Әсіресе, Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды деп отыр.

«Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Елді жаппай жайлаған зобалаң күндері қайтыс болған бейбіт, бейкүнә тұрғындардың, ел қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұлан, полиция, қорғаныс және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасылары мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Иманды болсын! Жандары пейіште шалқысын! Онсыз да саны аз қазақ үшін қаза тапқан әрбір азаматтың орны бөлек, бұл ұлт үшін орны толмас қайғы. Енді ешқашан мұндай қан-қасап қырғын қайталанбасын деп тілеймін!», – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға