Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасына қатысқан 1 500 адамға рақымшылық жасалады

Қаңтар оқиғасына қатысқан 1 500 адамға рақымшылық жасалады
Фото: egemen.kz 19.10.2022 13:08 2622

«Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандардың да, күштік құрылым қызыметкерлері де өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес,  қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.   Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзушылардың бір қатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі жолдауында. Осы сөзден соң қаңтар оқиғасына қатысып, істі болғандардың ғана емес, олардың туыс-туғандары да шын қуанып қалды.

Әділетті Қазақстан құруға талпынып жатқан ел Президентінің бұл шешіміне зейнеткер Қуаныш Қалиев та шын қуанғанын айтады.

«Мен Қазақстанда болып жатқан жағымды жаңалыққа қуанатын адаммын. Бір әділдіктің боларын білгенмін. Егер ертеңгі күнге үмітпен қарамасақ тірліктен де мән кетеді ғой. Президенттің әр жолдауын тыңдап жүрмін. Осы жолғы жолдауындағы қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылдық жасаймын дегені өте орынды. Істі болғандардың бәрі өзіміздің қара көз балалар ғой. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар. Мүмкіндік беру керек. Алаңға жетіскеннен шықты дейсіңбе. Әділдік іздеді. Сол бейбіт ереуілге шыққандарды біреулер пайдаланғасы келген шығар. Ереуіл болғасын қылмысқа баратындар табылады. Сондықтан да, бәріне әділ болған абзыл», - дейді зейнеткер.

Ақмола облысына қарасты Есіл ауданында тұратын Самат Италмасов та қаңтар оқиғасында қатысып, жазықты болғандарды кешіріммен қараған дұрыс дейді.

«Несін жасырайын, қаңтар оқиғасына қатысушыларды ауылда жатып мен де қолдағанмын. Мен ғана емес, бәрі қолдады. Ауылдың жағдайын білесің, кешегі кеңес заманына тасы өрге домалаған елді-мекендердің түгелі дерлік құлдырады. Жұмыс жоқ, мал бағып күн көрейін десең жер-көктің бәрі сатылып кеткен. Жайылымдық, шабындық жер де көрінгеннің қолында. Қалай ашуың келмейді. Осындай ашумен шыққандар ғой алаңға. Әділдік іздеймін деп жазықты болғандарға рақымшылық жасайтыны жөн болған. Қазір жерді үкімет қарап, заңыз көп жерді иемденіп қалғандардан сол жерді ауылдың еңбеккер азаматтарына қайтарып жатыр. Бұл ел үшін, халық қамын ойластырып жасаған Жаңа Қазақстанның жаңғырығы деп білемін», - дейді Самат Италмасов.

Қаңтар оқиғасында кемі 238 адам қаза болды деген дерек бар.  500-ге жуық қылмыстық іс қозғалып,  700-ден астам адым сотталыпты. Осы жолғы рақымшылыққа тәртіпсіздік кезінде ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдар ілігеді.  Ал ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін. Қаншаға қысқаратыны алдағы қабылданатын заңда көрсетіледі.   Бірақ кешірім тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар мен мемлекетке опасызыдық жасағандарға  берілмейді.

«Заң бойыншы рақымшылық жасау үшін айыпталушы өз келісімін беруі керек. Оның келісімінсіз біз оған рақымшылық жасай алмаймыз. Келісім формасының бірі кінәні мойындау. Және келтірілген залалды өтеу болуы мүмкін. Рақымшылық жасау, бұл айыпталушы кінәлі емес дегенді білдірмейді. Ол кінәлі деп танылады. Бірақ, жасаған іс-әрекеті үшін жауапты болмайды»,  - дейді ҚР Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шынәлиев.

Мәжіліс депуттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап жатыр. Депутат Берік Бекжановтың айтуынша, заң жобасының мақсаты қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік жасағандардың бірқатарын қылмыстық жауапкершіліктен босатып немесе сот тағайындаған жазаның мерзімін қысқарту болмақ.

«Заң жобасының негізгі мақсаты қаңтар оқиғасында қылмыстық әрекетке барған азаматтарға рақымшылық жасау. Әрине, олардың әрекеттері мемлекетімізге қауіп төндірмейтін болса. Заң жобасының негізі қағидасы мемелекет және қоғам тарапынан  жасалатын ізгілік пен мейрімділік.  Осы заң қабылданғаннан кейін бір жарым мың адам бостандыққа шығатын болады», - дейді Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов.

Рақымшылық жасау туралы» заңы қолданысқа енгізілетіні анық. Ол заңнан халық тек әділдік күтеді. Әділдік бар жерде береке де, мереке де бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға