Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ Тараздағы қабірлердің жанынан табылды

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ Тараздағы қабірлердің жанынан табылды
Фото: © Polisia.kz 29.06.2023 19:06 961

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ Тараздағы қабірлердің жанынан табылды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

27 маусымда Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ қызметкерлері «Қарасора-2023» ЖПІШ шеңберінде жедел ақпаратты іске асыру кезінде Тараз қаласының Махамбет батыр көшесіндегі зират маңынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған 3 полиэтилен қапшығын тапты. Қаптардан 10,25 мм калибрлі 3 оқ-дәрісі бар Сайга 410 өздігінен оқталатын тегіс ұңғылы карабин, 16 мм калибрлі ИЖ КА бір ұңғылы аңшы мылтығы, Жамбыл облысы ПД қоймасынан ұрланған 12 мм калибрлі Hatsan бір ұңғылы тегіс ұңғылы винчестер, сондай-ақ зауыт нөмірі жойылған 16 мм калибрлі ИЖ 17 бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды.

Қазіргі уақытта осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлімі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.

Жамбыл облысының полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға