Жаңалықтар

Қаңтар куәгері: өртенген, тоналған және қираған көліктер көп болды

Қасіретті қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен сабақ болды
Қаңтар куәгері: өртенген, тоналған және қираған көліктер көп болды
Фото: El.kz 08.01.2023 15:00 8035

Бүгінде Қаңтар оқиғасына бір жыл уақыт болды. Артқа қарап, көз салсақ көп нәрсені ауыз толтырып айтуға болады. Дегенмен, өткенге қайта оралып, ештенені өзгерте алмаспыз. Қаңтар тарихымыздың қойнауында мәңгі сақталатыны белгілі. Қасіретті қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен сабақ болды. Сол сабақтан өткендер еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын, бейбіт өміріміздің құндылығын жақсы түсінеді.

Жамбыл облысы да тұрғындары көп жапа шеккен өңірлердің бірі болды. Тұрғындардың айтуынша, Тараз қаласында жаппай наразылық ұйымдастырып орталық алаңға шыққан азаматтардың саны 5000-нан кем болмады.

Елімізде наразылықтың үлкен дүмпуге айнала бастаған сәті қаңтар айының 4-і күнінен басталды. Дәл сол уақытта Тараз қаласының тұрғыны Арыстанбек Мағжан Қанатұлы күнделікті жұмысына бара жатқан жолындағы жанармай бекетінен полиция қызметкерлері ұстап, қамауға алған. Сол кездегі қала ішіндегі дүрбелеңнің куәгері болған.

«Орталық алаңға тұрғындар 3-інен 4-іне қараған түні жинала бастады. Естуімше, аудандар мен өңірлердің тұрғындары да бейбіт митингке жиналу үшін қалаға келе бастады. Мен таңғы 05:00 шамасында күнделікті уақытта жұмысыма бара жаттым. ТОО «Достық» зауытының қызметкері болып істеймін. Жолда жанармай бекетіне тоқтағанымда қасыма инспектор қызметкерлері келіп, көлікке отырғызып алып кетті», - деді ол.

Оның айтуынша, таңғы уақыт болса да, алаңға жиналғандардың саны еселей түсті. Орталық алаң мен әкімдіктің алдында полиция қызметкерлері мен жас ұландар тұрды. Қарсылық таңытып, агрессияға берілгендерді көлікке салып әкетіп жатты. Олардың арасында бейбіт тұрғындардың да бар екенін және солардың бірі өзі екенін айта кетті.

«Тергеу барасында жазасыз екенім расталған соң, мені босатып жіберді. Кейін РОВД-ның ішінде тұрған көлігімнің күлі қалмай өртеніп кеткенін көрдім. Жалғыз менің ғана емес, жалпы өртенген, қираған және балондары ұрланған көліктердің санында шек болмады», - деді Мағжан Қанатұлы.

5 қаңтар күні мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жариялаған соң ел ішіндегі дүмпу мен алауыздық біраз саябырсыды. Зардап шеккен қазақстандықтарға қаржылай көмек беру туралы тапсырма берген болатын. 

Бүгінде Қаңтар кезінде зардап шеккен 540 адамға 2 млрд 112 млн теңге қаржылай көмек берілді.

«Өртеніп кеткен көлік әкемнің атында болатын. Мемлекет тарапынан мүлікке келтірілген шығынды есептету үшін әкем сарапшыларға өтінім хат жолдап, құжаттарды тапсырды. Сараптама жұмыстары 3-4 айға созылды. Келтірілген шығын көлемі белгілі болған соң, нақты көлемін атап, әкемнің аштырған шотына 1 млн 900 мың теңгені аударды», - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға