Жаңалықтар

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 05.01.2024 01:20 1106

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұйрықтың мақсаты - Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру.

Ведомствоның дерегінше, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылғы өңірлік квотасы 9 483 адам деп белгіленді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 адамға артық. Облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:

- қандастар үшін: Павлодар облысы – 902, Қостанай облысы – 550, Ақмола облысы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 269, Солтүстік Қазақстан облысы – 207 адам, Абай облысы – 220 адам;

- қоныс аударушылар үшін: Солтүстік Қазақстан облысы – 2 702, Павлодар облысы – 2 603, Қостанай облысы – 950, Шығыс Қазақстан облысы – 372, Абай облысы – 255, Ұлытау облысы – 132, Қарағанды облысы – 36 адам.

Оқи отырыңыз: 

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады. Атап айтқанда:

- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;

- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;

- 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Еске салсақ, 1991 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 128,37 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Ал 2023 жылы 21,3 мың этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға