Жаңалықтар

Қанат Шарлапаев жетекші америкалық компаниялармен келіссөз жүргізеді

Қанат Шарлапаев жетекші америкалық компаниялармен келіссөз жүргізеді
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 27.09.2024 10:46 395

Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Нью-Йорк қаласына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр «ВНР» компаниясының халықаралық байланыстар және портфолионы өсіру департаментінің басшысы Джаред Куэлмен кездесті. «ВНР» – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі.  Ол әлемдік деңгейде жұмыс істейді және оның өнімдері, соның ішінде темір рудасы, мыс және металлургиялық көмір әлемдік нарықта сұранысқа ие. Соңғы жылдары компания тұрақты ауыл шаруашылығына көшуді қолдап, калий өндіру қызметін кеңейтуде.

Келесі кезекте Қанат Шарлапаев «Orion and Friends» қорының іскерлік таңғы асына қатысты.  Қор металдар мен материалдарға маманданған жаһандық альтернативті инвестициялық компанияның құрамына кіретінін айта кеткен жөн.  «Orion Resource Partners» – тау-кен компаниялары мен инвесторлар үшін кешенді және теңшелген қаржылық шешімдерді ұсынатын сала көшбасшысы. Кездесу барысында министр ҚР тау-кен металлургия саласы, шетелдік компаниялардың Қазақстандағы мүмкіндіктері мен табысты тәжірибесі туралы айтты.

Сонымен қатар Министр «Cove Capital» басқарушы серіктесі Пини Альтхауспен одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Бұл инвестициялық компания тау-кен және табиғи ресурстар секторына маманданған.  Ол өзінің тәжірибесін пайдалана отырып, барлау кезеңінен құрылыс кезеңіне дейінгі жобаларды қаржыландырады, соның ішінде жаңа кеніштің құрылысы мен жұмысына қажетті қолдау көрсетеді.  Компания сирек жер металдарын өндіру жобасы үшін 500 млн доллар көлемінде капитал тартты.

Сапар барысында «Pfizer» компаниясының Таяу Шығыс, Ресей және Африка бойынша аймақтық президенті Лиф Аралмен кездесу өтті. Жетекші халықаралық биофармацевтикалық компаниялардың бірі перспективті терапиялық салаларда инновациялық фармацевтикалық препараттар мен вакциналардың кең портфолиосына ие. Компания әлемнің 180-нен астам елінде бар. Жаңа дәрі-дәрмектер мен вакциналарды зерттеу мен әзірлеуге жыл сайын 10 млрд доллардан астам инвестиция салады.

Қанат Шарлапаев «Resource Capital Funds» жеке серіктестік басшысы Мартин Вальдеспен кездесті.  RCF – тау-кен өндіруге маманданған жетекші инвестициялық компания. Дүние жүзіндегі тау-кен өнеркәсібіндегі жеке инвестициялармен айналысады, металдар мен минералды ресурстарға қатысты жобаларды қолдайды.  Басты назарлары жауапты инвестициялар және табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейтін компаниялармен ынтымақтастық арқылы тұрақты дамуды қолдауға бағытталған.

Одан бөлек, Министр Инфрақұрылымға жаһандық инвестиция бойынша серіктестік (PGI) бастамасының арнайы үйлестірушісінің м.а. Хелайна Матцамен кездесу өткізді. PGI – бизнес-процестерді басқару қызметтерін ұсынатын жетекші әлемдік компания. Қазіргі уақытта ол өзінің Орталық Азияда даму жолдарын кеңейтуде және тұрақты мүмкіндіктерді іздеуде.

Күннің соңында Қанат Шарлапаев «PPG Energy» дамыту жөніндегі вице-президенті Либби Оуэнмен кездесті. Бұл 90 елде жұмыс істейтін өнеркәсіптік электр энергиясын өндіруде 40 жылдан астам тәжірибесі бар жаһандық компания. PPG өнеркәсіптік кәсіпорындарға көмектесетін кешенді шешімдерді ұсына отырып, осы салада жаңа стандарттарды белгілейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға