Жаңалықтар

Қанат Сахариянов: Мақсатымыз - этика кодексін ұстануды насихаттау

Қанат Сахариянов: Мақсатымыз - этика кодексін ұстануды насихаттау
Фото: pixabay.com 05.06.2024 13:42 907

Бұл туралы Қазақстан медиа альянсының атқарушы директоры Қанат Сахариянов "Журналистік этика. Фактчекинг пен манипуляциялар" атты дөңгелек үстел барысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біздің медиа салада көптеген ұйым бар. Бірақ біріккен журналистік этика кодексі жоқ. Біз 2020 жылы этика кодексін дайындаған едік. Ендігі ретте оны жетілдіру қажеттігі бар. Бүгінде жасанды интеллектті жұмыс барысында пайдалануды этика стандартына сай жүргізу қажет. Медиа этика мәселесі билік деңгейінде көтеріле бермейді. Көбіне медиа қауымдастықтың ішінде ғана талқыланады. Мақсатымыз - осы тақырыпты ортаға салып, этика кодексін ұстануды насихаттау.  Көп жағдайда ақиқатқа жанаспайтын ақпараттарды таратып, сенсацияны қуалау арқылы осы этика нормаларынан аттап жатамыз. Сол себепті мәселеге бей-жай қарамаған жөн. Себебі журналистер - қоғам айнасы, интелегенция өкілдері.  Журналистерге нақты ақпарат биліктегілер тарапынан берілуі тиіс, - деді ол.

Remark агенттігінің PR-маманы Шұға Наурызбай журналистік этиканы ұстану бұқаралық ақпарат түрлеріне ғана емес, сонымен қатар әрбір мекеменің баспасөз қызметтеріне аса маңызды деп отыр.

Қазіргі цифрлік дәуірдің қарқынды дамып отырған заманында және контенттің әлеуметтік желілерде тез таралуы кезінде ақпараттың сапалы болуы маңызды.  Баспасөз қызметтері де, медиа саласы да жұмыла отырып, контенттің сапасын арттыруға атсалысуы керек. Жасанды интеллект өмірімізге етене енді. Сол ЖИ бір мезетте жасап беретін контентін артық етіп кәсіби журналист қана жасай алады. Өйткені қанша дегенмен, ЖИ - робот. Ол ақпараттың қаншалықты дұрыс екенін ажырата алмайды. Бар болғаны желідегі ақпараттарды іздестіріп, дайын өнім береді. Осы тұста медиа саласының мамандары сапалы дүние жасауы керек. Ол үшін журналистерге, баспасөз хатшыларына, барлығына да қазіргі заманның сұранысына сай медиа тренингтер өткізген абзал деп ойлаймын,- деп нақтылады.

Жиын барысында сөз алған журналист Динара Сатжан болашақта журналистика факультетімен етене араласу қажеттігін айтып өтті.

Кезінде бізді ақпарат көздерін толықтай зерттеп, жан-жақты тексеруді, әр сөзіңе байыппен қарауды үйрететін. Бүгінде журналистика қарқындылығымен, жеделдігімен  ерекшеленеді. Осы тұста журналистика факультетінің студенттерін, яғни болашақ журналистерді заманауи, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу қажеттігін алға тартар едім. Оларды тек жалдамалы жұмыста қызмет етіп қана қоймай, өз медиа жобаларын ешкімнің сүйемелдеуінсіз жүргізуге баулу қажет. Журналистердің тізімін жасақтап, оларға шеберлік-сыныптарын өткізу маңызды. Себебі біздің қоғамға инфографиканы жасауға, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалануға, GPT чатын орынды қолдана алуға қиналмайтын заманауи, сауатты журналистер керек, - деп қорытындылады ол.

Айта кету керек, келелі жиын Қазақстан Медиа Альянсы мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық ұйымдарының бастамасымен өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында медиа өкілдерінің біліктілігін арттыру мәселелері, журналистиканың сезімтал тұстары, оқыту тренингтерін ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға