Қанат Бейсекеев Алматы ауасының ластануы туралы фильмін көпшілік назарына ұсынды
Алматыда режиссер Қанат Бейсекеевтің «Алматы? Түтінмен өмір сүруге бола ма?» атты деректі фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Фильм «Almaty Air Initiative» қорының жұмысы аясында түсірілген. Бұл жоба Алматының ауа сапасын және экология жағдайын жақсартуға бағытталған, болашақта республика деңгейінде іске асырылмақ. Жобаны inDrive-тің негізін қалаушы Арсен Томский мен Sergek Group компаниясының тең құрылтайшысы, Freedom Telecom бас директоры Қайрат Ахметов ұйымдастырды. Фильм Алматы ауасының ластануы мен оның қала тұрғындарының денсаулығына тигізетін ауыр зардабы туралы баяндайды.
Көрсетілім алдында Арсен Томский, Қайрат Ахметов, «Almaty Air Initiative» қорының жетекшісі Жұлдыз Сәулебекова және фильмнің режиссері Қанат Бейсекеев сөз сөйледі.
«Алматы? Түтінмен өмір сүруге бола ма?» деректі фильмі қарапайым тұрғындардың, ғалымдардың, экологтар мен дәрігерлердің, автокөлік иелері мен фильм авторларының Алматыдағы түтін мәселесіне қатысты пікірлерінен құралған. Біреулер бұл мәселенің экономикалық жағын сөз етсе, енді біреулер жағдайдың бұдан әрі нашарлайтынын айтып, көшіп кетуді ойластырып жүргенін айтады. Кейбіреулер үшін ауа сапасын зертханалар мен датчиктер арқылы зерттеу күнделікті жұмысқа айналса, енді біреулері болып жатқан жағдайды қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Қанат Бейсекеевтің шығармашылық көзқарасы ауаның ластануы мәселесінің қала тұрғындарының күнделікті тіршілігіне қаншалықты енгенін көрсетеді.
Режиссер Қанат Бейсекеев өзін толғантқан мәселе туралы:
Біз де, біздің балаларымыз да бір ауамен тыныс аламыз, ал экологиясы таза жерде өмір сүру мүмкіндігі – әр адамның басты құқығы, – деп пікір білдірді. – Бұл жоба жеке өзім үшін сынақ болды. Алдымен ғалымдардың жүйелі шешім қажет екенін дәлелдеуге жылдар бойы күш салып жүргенін көріп, көңілім түсіп еді. Бірақ енді мен бұл жағдайды диалог және ортақ күш-жігер салу арқылы өзгерте алатынымызға сенемін. Біз бұл қаладан кеткіміз келмейді, өйткені оны жақсы көреміз және дамытқымыз келеді.
Фильм 2024 жылы қор жүргізген зерттеу нәтижелеріне негізделген. Зерттеу бойынша, алматылықтардың 57%-ы соңғы жылдары ауа сапасының нашарлағанын атап өтсе, 42%-ы өз аудандарындағы жағдайды нашар немесе өте нашар деп санайды. Мегаполистің әр алтыншы тұрғыны экологиялық жағдайға байланысты көшіп кетуді ойлап жүр. Бұл көрсеткіштер мәселенің қаншалықты өзекті екенін және адамдардың таңдауына қалай әсер ететінін айқындайды.
«Almaty Air Initiative» қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова кешенді тәсілдің маңызын атап өтті:
Ауа мәселесі, басқа да әлеуметтік қиындықтар сияқты, саяси ерік-жігерді, инфрақұрылымды өзгертуді және қоғамның қолдауын талап етеді. Біздің жобаларымыз осы процестерді технологиялар, өнер, білім/ғылым және мемлекетпен ынтымақтастық арқылы жеделдетуге бағытталған. Фильм осы жолды көрсетеді: өнерді пайдалана отырып, біз барлық тараптарды тартып, диалог бастаймыз.
Көрсетілімнен кейін көрермендер фильм авторларымен, экологтармен және белсенділермен пікірталасқа қатысты. Талқылау Алматының экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындарға таза ауада өмір сүру құқығын қайтару үшін мәселе шешімін іздеуге бағытталған маңызды қадам болды.