Жаңалықтар

Қамшыдан қорықсаң өзіңді көкпаршымын, балуанмын деп атама – депутат

Қамшыдан қорықсаң өзіңді көкпаршымын, балуанмын деп атама – депутат
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 18.09.2024 13:30 682

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстан құрамасын көкпардан реваншқа шақырған қырғыз көкпаршыларына үндеу жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Финал өте таза өтті. Желідегі пікірлердің барлығын оқыдым. Меніңше, ең үлкен шайқас пікірлерде болды. Нақты алаңда бір-ақ шайқас болды. Біздің балуанымыз қырғыз ойыншысының басынан қамшымен салып жібергені бар. Егер қамшыдан қорқатын болсаң, көкпаршымын, балуанмын деп өзіңді атама. Бұл балет емес, хоккей емес. Ол мықтылықты, жігерлікті талап ететін ойын. Бұл – көкпар. Ал көкпарда қамшы тиіп кеткенде тұрған ештеңе жоқ. Оған қарамастан біздің балуанымыз ойыннан екі минутқа шеттетілді. Өз жазасын алды. Көкпар үшін 2 минут деген көп уақыт. Ол кезде қырғыздар 3:1 есебімен алда келе жатты. Оған қарамастан Қазақстан 5:4 есебімен ұтты, - деді мәжілісмен.

Депутат Қазақстан құрамасының жеңісі таза болғанын алға тартты.

Менің ойымша, жеңіс таза болды. Ереже бұзу, сөзге келіп қалу барлық жерде болады. Футболда да жиі ойын бұзу жағдайы тіркеледі. Егер ойынды бұзған ойыншыны жазаға тартпай, әрі қарай жалғастыра берсе, онда осы кезде ойын бұзылды деп айтуға болады. Дегенмен біз ойыншымызды жазаладық. Көшпенділер ойыны бітті. Ал мына ойынды қайта қарап, реванш ойын өткізуге келіспеймін. Себебі финал өтті, жеңімпаз айқындалды. Ал егер алдағы уақытта басқа да жарыстар өтсе Қазақстан оған барып қатысады. Көкпар өзі үш елге ғана керек шығар. Олар - Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан, - деді Қожаназаров.
Еске салайық, Көшпенділер ойындарында көкпардан финалдық кездесуде Қазақстан Қырғыстанды жеңіп, чемпион атанды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға