Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қаллеки театры XXXIV маусымын қорытындылады

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры XXXIV маусымын М. Әуезовтің «Абай» қойылымымен салтанатты түрде жапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ұлы ойшылдың өмірі мен мұрасын арқау еткен спектакльде Абай бейнесін Тілектес Мейрамов пен Нұркен Өтеуіл сомдады. Қойылымға жалпы 65 актер қатысты. Биылғы маусымда театр 7 жаңа премьераны көрерменге ұсынды. Олардың қатарында «Фигароның үйленуі», «Парасат майданы», «Күй», «Шеңбер» және «Бопай ханым» сияқты драмалар мен музыкалық қойылымдар бар.

Маусым ішінде театр әртүрлі фестивальдерге қатысып, бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Войцек» драмасы – Аймауытов жүлдесін, «Фигароның үйленуі» – «Жыл музыкалық қойылымы» атағын, ал актриса Лейло Бекназар «Үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды.

«Оқылым» жобасы аясында 7 жаңа пьеса таныстырылып, театрдың репертуары жаңа шығармалармен толықты. Сондай-ақ театр гастрольдік сапармен бірнеше өңірде өнер көрсетті. Маусым бойы 165 спектакль сахналанып, 42 мыңнан астам көрермен театр өнеріне куә болды.

Келесі маусымда театр ұжымы жаңа жобалар мен премьералар ұсынуды жалғастырады.