«Қалдық тамақ, жыртық көйлек»: әлемдегі ең сараң миллиардер туралы білесіз бе?
Мөлдір Қайнар тілші
3 шілде 1916 жылы 81 жасында қайтыс болған Генриэтта Хоулэнд Грин тарихта ең сараң адам ретінде қалды. Ол ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына «әлемдегі ең сараң адам» ретінде тіркелген. Бірақ оның байлығы, іскерлігі және қаржы саласындағы табысы – ХХ ғасыр басындағы қаржы әлемінің ерекше беті болып қала береді. El.kz интернет порталы ең сараң әйелдің өміріне шолу жасамақ.

Ерте басталған қаржыгерлік
Fototelegraf мәліметінше, Генриэтта 1834 жылы дәулетті кит майын сатумен айналысатын Хоуленд отбасында дүниеге келді. Оны тәрбиелеуді ата-әжесі өз қолына алды. Атасы Гидеон Хоуленд көзі көрмей қалған соң, 7 жасар Генриэтта оған қаржы жаңалықтарын дауыстап оқып беретін. Осылайша ол акция мен облигацияның айырмашылығын бала жасында-ақ меңгерді. 13 жасында отбасылық бухгалтер қызметін атқарып, қаржы әлемінің ішіне терең бойлады.
Қарапайымдылық па, сараңдық па?
Квакерлік қарапайым өмір салтына сай Генриэтта үнемшіл болды, бірақ уақыт өте келе бұл әдет шектен шықты. Ол әрқашан бір көйлекпен, бір аяқ киіммен жүрді. Анасы қайтыс болған соң, үйінде ешқандай қонақ шақырмайтын болды. Айтуларынша, шамдардың қалдығын сатады, қолданылған майлықтарды жуып қайта үтіктеп қолданады екен. Жас кезінде бұл қылығы оның сырт келбеті мен интеллектіне қарамастан, жігіттерді шошытатын.
Некедегі қаржы тәуелсіздігі
1865 жылы әкесі қайтыс болып, Генриэтта 7,5 миллион доллар (қазіргі есеппен шамамен 1 млрд доллар) мұраға ие болады. Осы кезде ол болашақ күйеуі Эдвард Гринмен танысады. Эдвард – сауда арқылы байыған, бірнеше тіл білетін, әлемнің түкпір-түкпірін аралаған адам. Екеуі некеге тұрғанымен, Генриэтта күйеуіне ешқандай қаржы бермеуге келісімшартпен қол жеткізеді. Кейін күйеуі банкрот болғанда да көмектеспей, тіпті үйден қуып жібереді.
Уолл-стриттегі сиқырлы әйел
Гриннің Уолл-стриттегі беделі орасан болатын. Ол қай компанияның акциясын сатып алса, келесі күні сол қағаздардың бағасы күрт өсетін. Ол 8000-нан астам жер теліміне иелік етіп, теміржол, банк, өнеркәсіп секторының маңызды ойыншысы болды. Қаржы аналитиктері Генриэттаны «ақпараттық базасы иелерінен артық» деп сипаттайтын.
Отбасылық өмір және балалар
Генриэттаның екі баласы болды – Нэд пен Сильвия. Анасының шектен тыс сараңдығы олардың да өміріне кері әсер етті. Бір оқиғада, Нэд қыста шанамен сырғанап жүріп, аяғын қатты жарақаттап алады. Алайда анасы ақшасын үнемдеу үшін ауруханаға апармай, қайырымдылық клиникаларға жүгінеді. Дәрігерлер танымал сараңды танып қойып, көмектесуден бас тартады. Ақыры бірнеше жылдан соң, баланың аяғын кесуге тура келеді.
Тұрмыс-тіршілік: байлыққа қарамастан кедей өмір
Генриэтта қымбат үйлерде тұрмады, үнемі арзан мотельдерде түнеді. Киім мен іш киімді тозғанша ауыстырмайтын. Кір жуатын, аспаз, үй қызметшісін өмірінде жалдамаған. Газет оқыған соң, оны баласына сатқызған екен. Дүкендерде сағаттап саудаласып, сатушыларды титықтатып жіберген.
Қорқыныш пен жеке қауіпсіздік
Қартайған шағында Гетти өзімен бірге спорттық киім, азық-түлік және тіпті қару алып жүретін болған. Қоғамдық орындарда тамақтанудан қорқып, барлығын үйден таситын. Автокөлік секілді заманауи құралдарды пайдаланудан бас тартты.
Өлім және мұрагерлік
1916 жылы жүрек талмасынан қайтыс болған Гетти артында қазіргі есеппен шамамен 4 миллиард долларға тең байлық қалдырды. Ұлы Нэд технология мен көлік саласына инвестиция құйып, «Дядя Нэд» деген атпен танымал болса, қызы Сильвия – ірі меценатқа айналды.
Генриэтта Грин – өз заманының қаржылық данышпаны әрі өмір салтымен қоғамды таңдандырған әйел. Ол – байлық пен сараңдықтың, табыс пен жеке шектеудің ерекше арақатынасын көрсеткен тарихи тұлға.

