Жаңалықтар

Қалай қарызсыз өмір сүруге болады? Мамандар кеңесі

Қалай қарызсыз өмір сүруге болады? Мамандар кеңесі
Фото: © Pxhere.com 23.05.2023 17:45 1391

Қазір біздің қоғамда несие алмайтын адам жоқтың қасы. «Айлығым шайлығыма жетпейді» деп жүргендері де аз емес. Мамандар бар табысты үнемдеп, оны көбейтудің жолдары мен қарызсыз өмір сүрудің тетіктері жайлы айтып берді, деп  хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Психолог Лимана Қойшиева қарызға батудың екі себебі бар екенін айтады.

Адамдарда қаржылық сауаттылық бойынша екі таңдау бар. Бірі табыс табады, жинақтайды, ақшасын депозитке салады. Екінші санаттағы адамдар табыс табады, ақшаны жұмсайды, жетпесе, тағы қарыз алады. Бірінші жолды табысты адамдар, кәсіпкерлер таңдайды. 20 мың теңге тапса да, 2 мың теңгесін жинайды. Оны сақтандырып, көбейтеді. Ал қарызға батқан адамдар қалай табыс келеді, солай жаратып жібереді. «Ақша оңай келді, оңай кетті» деген қате түсінік бар. Ақшаны қалай жұмсау ол адамдардың жауапкершілігінде, - дейді психолог.

Оның айтуынша, лудомания, құмар ойындарға әуес болудың психологиялық себебі – шынайы өмірден қашу.

«Қарызға бату, одан арылуға ақылым жетпейді дегендер болады. Мысалы, 2 млн теңге қарызы болып, ол 200 мың, 500 мың тапса да оны жаба алмайды. Себебі оны дұрыс қолдана білмейді. Ол ақшаны дұрыс жинақтай алмағандықтан, стреске түседі. Сол стрестен, қаржылық қиындықтан қашудың бірден-бір жолы лудомания, құмар ойынға салынады. Тез арада ақша жасағысы келіп, соны тауып алатындай болады. Автомат алдымен 2-3 рет ұтылдырып, 4-мәртеде ұтқызады. Осылай жеңістің артынан кетіп, тәуелді болады. Одан, әрине, емделу керек. Қарызсыз өмір сүру үшін адамның психологиялық саулығы болуы керек. Қаржысы үнемді, қарызы жоқ адамдарды психологиялық тұрғыдан сау деп айтуға болады. Ал құмар ойынға байланғандардың 80 пайызында ішіндегі қорқыныш, қате ұстаным және миларындағы негатив ойлар болады», - дейді Лимана Қойшиеа.

Ал экономист Мақсат Халық несие алу, отбасы бюджетін басқаруда, депозит сияқты қаржы қорын ұлғайтуда қаржылық сауаттылықтың орны өте маңызды екенін айтады.

Көп азамат қаржылық сауаттылықты үнемдеу деп ойлайды. Бірақ қаржылық сауаттылықты ақшаны орынды, парасаттылықпен жұмсау деп айтатын едім. Қазіргі уақытта өзіңізді дамытуға ақшаны аяудың қажеті жоқ. Өзіңіздің жақындарыңыздың алдында жомарттық танытқан да дұрыс. Бірақ оның барлығы ретімен болуы керек, - деді сарапшы.

Азаматтарды қаржылық сауаттылыққа үйретуді ұйымдастырып жүрген «Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, көп адам табыс пен шығынның есебін жүргізбейді.

Біздің «Қарызсыз қоғам» оқыту курстары аудан мен ауыл тұрғындарына арналған. Көп азамат артық ақшаның болуы көп табыстың нәтижесінде болады деп ойлайды. Алайда бұл жаңсақ пікір. Себебі қаржылай сауатты болу мен тұрақтылық табыс көлеміне байланысты емес. Себебі млн тапқан адам да қарызға батуы мүмкін. Алайда ауыл мұғалімі аз табысын дөңгелетіп, қосымша екі сиыр асырып, табысын арттырып, жинақтауы мүмкін. Сондықтан материалдық жағдайы әртүрлі адамдардың қаржылық сауаты әртүрлі болады. Адамның үш табыс көзі болғаны дұрыс. Ол -  негізгі табыс, қосымша табыс және инвестиция, - дейді ол.

Бекмұрзаева оқытуға 12 баласы бар көпбалалы келіншектің оқиғасы туралы айып берді.

Оның жоғары білімі жоқ. Жасы 38-де және 12 баласы бар. Бұл ана балалар алдындағы жауапкершілігі өте жоғары екенін түсінеді. Ол мемлекеттен 170 мың теңгедей жәрдемақы алады. Жолдасының табысы - 150 мың теңге. Оған қоса, олардың тауарлық несиесі бар екен. Курсқа келген адамның санасы өзгереді. Бұл жағдайда ақша жинау қиын сияқты көрінеді. Бірақ онымен әңгімелесе келе, шығысты есептеп отырып, күніне 1500 теңге балаларға арналған тәтті заттарды алатынын білдік. 1000 теңге деп алсақ та, осы заттарды алмай, 2 ай жинаса, 60 мың теңге жиналады. Оны депозитке салса, 10 жылдан кейін ол млн теңгеге айналады. Сондықтан да күнделікті шығынды жазып отырған абзал. Оны көріп отырған адамның санасы өзгеріп, өз қаражатын басқарады, - дейді Ақмарал Бекмұрзаева.

Маманның айтуынша, тұрмысыңның жақсы болып, жағдайыңды арттырудың бірден-бір жолы – қаржылық сауаттылық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға