Жаңалықтар

Қаланың не ауылдың санатында жоқ кенттерде маман тапшы – Аманжол Әлтай

Қаланың не ауылдың санатында жоқ кенттерде маман тапшы – Аманжол Әлтай
Фото: Видеодан кадр 20.11.2024 16:17 87

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қаланың не ауылдың санатында жоқ кенттердегі маман тапшылығын шешу керегін айтып, премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаланың, не ауылдың санатында жоқ Кенттер мемлекеттік қолдауға зәру. Кешегісінен бүгіні, бүгінінен ертеңі қиындап бара жатқан Кент тұрғындарының жанайқайына көңіл бөліңіз. Қалалардағы секілді инфрақұрылымы, басқа да өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктер жоқ болғандықтан, ауылдардаға тиесілі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдаудан тыс қалғандықтан Кенттерге білікті жас мамандардың келуі өте сирек, - деді мәжілісмен. 

Депутат соның салдарынан кадр тапшылығы күн сайын күрделеніп бара жатқанын айтты. 

Қалалық типтегі кенттер — тек елді мекендер ғана емес, ондағы өмір сүріп жатқан сан мыңдаған халықтың атамекені, тағдырын тәуекелге байлаған алтын ұясы, бүгіні мен болашағының қастерлі қарашаңырағы. Алайда, осы өңірлердегі халық, өкінішке қарай назардан тыс қалып, «ауылдық вакуумда» өмір сүруге мәжбүр. Қалалық типтегі кенттер өздерінің арнайы аралық мәртебесі жоқтығы салдарынан көптеген мемлекеттік бағдарламалардың қамту аймағынан шеттетілген, бұл жағдай жергілікті тұрғындарды күрделі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет қалдырып отыр, - деді ол. 

Аманжол Әлтайдың айтуынша, қалалық типтегі кент тұрғындарының басты мәселелерінің бірі – білім беру саласындағы мұғалімдер тапшылығы. Әсіресе химия, биология, физика және математика пәндері бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі оқушылардың сапалы білім алуына айтарлықтай кедергі келтіруде.
Денсаулық сақтау саласында да кадр тапшылығы орын алуда. Білікті дәрігер мамандардың жетіспеушілігінен халықтың денсаулық деңгейі төмендеп барады. 

Қалалық мәртебеге де, ауылдық мәртебеге де толық сәйкес келмегендіктен, бұл аймақтар екі бағыттағы да мемлекеттік қолдау шараларынан шет қалуда. Нәтижесінде жолдар, су және энергиямен қамту, әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі шешімін таппаған басқа да мәселелер — өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын төмендетуде. Қалалық типтегі кенттер 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына да енгізілмеген, осы себепті олар қолдау шараларынан тыс қалып отыр. Бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырады, - деді депутат. 

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осы мәселелерді шешу үшін Үкімет басшысына бірқатар нақты шараларды ұсынды. 

1. Ұлттық экономика министрлігі  қалалық типтегі кенттерге инфрақұрылымдық және экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуі тиіс. 
2. Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған аймақтардағы педагогикалық кадр тапшылығын жою, әсіресе STEM пәндері бойынша мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін нақты бағдарлама қажет. 
3. Жас мамандарды осы аймақтарға тарту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы ынталандыру тетіктерін қарастыруы қажет. 
4. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалалық типтегі кенттерге заманауи инфрақұрылымдық жобаларды енгізу маңызды.
5. Кенттерге келген жас мамандарды баспанамен қамту мәселелері оң шешімін табуы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға