Жаңалықтар

Қала кептелістен көз ашпайды. Тоқаев тез арада бұл мәселені шешуді талап етті

Қала кептелістен көз ашпайды. Тоқаев тез арада бұл мәселені шешуді талап етті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 11.07.2023 13:55 707

Ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді. Сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамытудың айрықша мәні бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жуырда Алматыға сапарым барысында қоғамдық көлікті және электронды билет сату жүйесін басқару орталығының жұмысымен таныстым. Бұл саладағы цифрландыру ісі өзінің тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын, - деді Президент.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ, қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырғанын айтты. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді.

Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін. Сондықтан, мәселені оңтайлы шешу қажет. Әйтпесе, экономикалық шығынға тап боламыз. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді. Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келетінін айтты. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді.

Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті, көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет, яғни, пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс, - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға