фото: Амангүл Тілейқызы

Qaisar Games-2025: қатерлі ісікті жеңген балалар жарысқа шықты

Бүгін Астанада ерекше спорттық шара III Qaisar Games чемпиондар ойындары басталды. Бұл ойындарға қатерлі ісікті жеңіп шыққан және ауыр диагноздарды еңсерген балалар қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталының тілшісі.

Чемпиондар ойындарына Қазақстанның барлық өңірінен жас спортшылар жиналды. Бағдарламада жеңіл атлетика, жүзу, мини-футбол, үстел теннисі, шахмат және ұлттық ойындар асық ату мен тоғызқұмалақ бар. Сондай-ақ шығармашылық шеберлік сабақтары мен ата-аналарға арналған оқыту сессиялары қарастырылған.

фото: Амангүл Тілейқызы

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Qaisar Games – медаль үшін жарыс емес. Бұл ойындардың басты миссиясы – емнен кейінгі кезеңде балаларға психологиялық, физикалық және әлеуметтік қолдау көрсету.

Бұл балалар диагноз туралы емес, рухтың күші туралы. QAISAR GAMES әр балаға толыққанды өмір сүру құқығын бекітеді. Оқуға, ойнауға, армандауға, – дейді «Феникс» қорының директоры Ләйла Түсіпбаева.

Сондай-ақ қор директоры бұл ойындар қатерлі дертті жеңген немесе бауыр, бүйрек, жүрек секілді ағзаларын ауыстыру отасын өткерген балаларға арналған.

фото: Амангүл Тілейқызы

Бұл жарыс балалар үшін кәдімгі спорттық турнир емес, оларды қуантып, өмірге деген құштарлығын арттыратын мереке. Мұнда балалар өз құрдастарымен танысып, араласып, әлеуметтік дағдыларын дамытады және жеңістеріне қуанады, – деді ол.

Чемпиондар ойындары Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы 2019 жылы, екіншісі 2023 жылы өткен. Биыл 167 бала қатысып жатыр. Олардың дені Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген. Қатысушылардың жасы 5 пен 17 жас аралығында. Әр бала дәрігердің рұқсатын алып барып жарысқа жіберіледі.

Ойындарда 10 спорт түрі қамтылған. Әрбір бала өзінің қалауына сай жарысқа қатыса алады. Кейбір сайыстарға жас шектеулері қойылады, мысалы, атудан 12 жастан бастап қатысуға болады. Бірақ жалпы талаптар қатал емес, басты мақсат – балалардың спорт арқылы қуанышқа бөленуі, – дейді Ләйла Түсіпбаева.

Ойындардың бастамашылары – университеттің медициналық орталығының психологтары, әлеуметтік қызметкерлері мен тәрбиешілері. Олар халықаралық тәжірибені зерттеп, осындай жарыстардың өзге елдерде табысты өтіп жүргенін байқаған.

фото: Амангүл Тілейқызы

Біздің балалар да осындай мерекеге әбден лайық, – деп атап өтті қор басшысы.

ҚР құрметті спорт қайраткері, Спортшылар одағының мүшесі Дамир Сатыбаев III Qaisar Games – чемпиондар ойындарының маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

Оның айтуынша, онкология бұрын өлімге әкелетін диагноз ретінде қабылданса, бүгінде балалардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі артып отыр. Алайда науқастан айыққаннан кейін арнайы оңалту жүйесі жеткілікті дамымаған.

фото: Амангүл Тілейқызы

Осындай жарыстар балаларға жалғыз емес екенін сезінуге көмектеседі. Олар бір-бірімен танысып, жаңа достар табады, өмірдің спорт арқылы жалғасатынын көреді. Бұл ата-аналарға да үлкен қолдау, өйткені олардың балалары аурудан кейін де бақытты өмір сүріп, дами алатынын дәлелдейді, – дейді ол.

Сатыбаевтың айтуынша, чемпиондар ойындары спорттық жарыстан гөрі мерекелік сипатқа ие.

Мұнда балалардың басым бөлігі ұзақ уақыт емделіп, ауруханада жатып шыққан. Сондықтан жарыстарда үлкен физикалық жүктемелер жоқ. Олар эстафета, жүзу, атудан жарысады, бірақ бастысы – бұл кездесудің достық пен қуаныш әкелуі, – деді спорт қайраткері.

Спортшылар одағы екі жыл қатарынан «Феникс» қорымен серіктестік орнатып, ойындарды ұйымдастыруға қолдау көрсетіп келеді.

Біз мұндай бастамалардың жыл сайын өтуін қалаймыз. Бұл – нағыз өмірге құштарлықты оятатын шара. Әрбір балаға қуаныш сыйлау – біздің парызымыз, – деді.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам балаға онкологиялық диагноз қойылады. Қазіргі таңда 5 мыңнан астам бала тұрақты бақылауда. Дәрігерлердің еңбегінің арқасында балалардың 75-90%-ы дерттен айықты.

фото: Амангүл Тілейқызы

Десе де, ем аяқталғаннан кейін реабилитацияға жүйелі қолдау желткіліксіз. Баалар әлеуметтік оқшаулануға, посттравматикалық күйзеліс пен уайымға жиі тап болатын көрінеді.

Чемпиондар ойындарын «Феникс» қоры мен «University Medical Center» корпоративтік қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастыруда.

фото: Амангүл Тілейқызы

Жобаға спорт федерациялары, ұлттық ұлан, ірі компаниялар мен қоғамдық ұйымдар серіктес болып отыр. Шара 28 қыркүйекке дейін жалғасады.

фото: Амангүл Тілейқызы