Жаңалықтар

«Қағаз жүзінде жарық бар». Жібек жолы ауылының тұрғындары жарыққа бөлінген 351 млн теңгенің игілігін қашан көреді?

«Қағаз жүзінде жарық бар». Жібек жолы ауылының тұрғындары жарыққа бөлінген 351 млн теңгенің игілігін қашан көреді?
17.03.2023 12:50 3331

Астана маңындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары редакциямызға жарықтандыру, жол, ауыз су мәселесі бойынша шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, құжат бойынша барлығы бар, бірақ іс жүзінде ештеңе жасалмаған.

Астана қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылына барып, мәселенің мән-жайын білдік.

Жібек жолы ауылының тұрғыны Әлібек Алмабаев ауыз сумен қамтамасыз ету, жарықтандыру, жол мәселесі бойынша үш жылдан бері әкімшіліктің есігін тоздырып келе жатқанын айтады.

«Қағаз жүзінде жарық бар». Жібек жолы ауылының тұрғындары жарыққа бөлінген 351 млн теңгенің игілігін қашан көреді?

Үш жыл болды алысқанымызға. Бізді осындай нәрсені көтергеніміз үшін он бес күнге жапты да, айыппұл да қойды. Істемегенді істеді. Қазір олар бізбен санаса бастады. Өйткені біз қоймай қойдық. Біз артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бізде өзі үш келісімшарт бар. №64, №67, №77 келісімшарттар. Миллиардтаған сумма бөлінген. Бірақ бес жыл бойы келісімшарт бойынша ештеңе істелмеген. Электр жарығы жоқ. Электр жарығын жүргізуге 2018 жылы Үкіметтен қаражат бөлінген. Құжаттары түгел бар. Құжат бойынша ғана бәрі орындалып, қабылдап алынған. Іс жүзінде бір де бірі жүзеге аспаған. Су бойынша «КомбиСтрой» ЖШС, жарық бойынша «ДорСтрой» ЖШС, жол бойынша «МСК» ЖШС-мен келісімшартқа отырған. «МСК» мен «ДорСтрой» бір мекеме. «КомбиСтрой» бөлек мекеме. «КомбиСтройға» су құбырларын салу жобасы беріліп, ақша бөлінеді. Олар құбырларын жасаған күннің өзінде су алатын жер жоқ. Халық шулағаннан кейін ақша бөлінді. Суды жүргізейін десек, салынған құбыр дұрыс емес. Мердігердің емес, жобалаушының кінәсі. Климатқа байланысты қату тереңдігі деген болады. Біздің Жібек жолы ауылында қату тереңдігі – 2,5 метр. Жобада 1,5 метр деп көрсетілген. Қыста су берсек, су құбырлары қатып қалады да, барлық құбырлар ештеңеге жарамай қалады. Сондықтан жазда қосылатын болды. Бұл бірінші мәселе.  Екінші мәселе – жол бойынша. Қыруар ақша бөлінген. 402 млн теңгенің жұмысы атқарылды деп қол қойылған. Бірақ ол жұмыс мүлде істелмеген. Қабылдап алған құжат бар. Ол жерде тапсырыс беруші акиматтың, мердігердің қолы бар. Жарық бойынша 2020, 2021 жылдары 351 млн теңгеге жұмыс істелген. Бұл – қылмыс. Бірақ әлі қылмыстық іс қозғалған жоқ. Міндетті түрде сараптаманың қорытындысы болуы керек. Біздің жағдайымызда олар да бар. Бірақ қозғалған іс жоқ. Кәсіби заңгер ретінде айтайын, қылмыстық іс қозғалуы керек. Ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ әлі, - деді деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Әлібек Алмабаев.

Тұрғындар жарықтандыру бойынша бақылайтын адамның жоқтығына наразы. Жарық қайта-қайта өшеді. Әкімдік болса, тұрғындар жарықтың ақысын төлемей отырғандықтан, жарық беру тоқтағанын айтады.

Бітпеген жұмыс, оны бақылайтын адам жоқ. Бізді қинап арнайы есептегіш құралын алдырды. Ол өте қымбат. Ешкім үй-үйді аралап әуре болмайды, есептегіштегі сандарды автоматты түрде ала беруге болады деген. Қазіргі уақытта бізде ешқандай бақылау жоқ. Қайта-қайта жарық өшіріледі. Кейбір ауыл тұрғындары төлемеген шығар. Бірақ уақытылы төлеп отырғандар да бар ғой. Ауыл болғаннан кейін бәріне жауап бере алмайсың. Ішінде ұрлайтыны бар, басқасы бар. Бір адам төлемегені үшін бүкіл ауылдың жарығын өшіруге бола ма,- деді ауыл тұрғыны Талғат Төлепбеков.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға