Жаңалықтар

Қадір түнін қалай дұрыс өткізу керек?

Қадір түнін қалай дұрыс өткізу керек?
Фото: коллаж El.kz 05.04.2024 10:00 4781

Биыл елімізде қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге түсіп отыр. Бұл түні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең деседі. Мұсылмандардың қасиетті түнді қалай өткізгені жөн? Бұл туралы толығырақ Алматы қаласы Ибраһим мешітінің бас имамы Ермек Көкірекбаев El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.

Қадір түні қалай белгіленеді?

Ермек Көкірекбаевтың айтуынша, көптеген ғалымдар Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисіне сүйене отырып, Қадір түні деп әр Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түнді белгілеген. Десе де Қадір түнінің дәл қай түн екені нақты белгісіз.

Қадір түнін барша мұсылман асыға күтеді. Олар түннің қасиетіне сеніп, құлшылық етумен болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылық ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық күнәсын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді» деген. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды, – деді ол.

Бас имамның сөзінше, Қадір түнінің өзіне тән бір белгілері болады.

Хадистерде Қадір түнінің бірнеше белгісі бар екені айтылған. Біріншіден, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Ол түні ай ерекше жарық болып, қоңыр салқын, жағымды жел соғып тұрады. Екіншіден, Қадір түні – мұсылмандардың жүрегінде тыныштық орнайтын түн. Оған қоса олардың жаны рахатқа бөленеді, – дейді Ермек Көкірекбаев.

Қадір түнін неліктен тағдыр түні деп атайды?

Қадір түнінің тағдыр түні деп аталу себебі – дәл осы түнде Алланың белгілі бір періштелерге келесі тағдыр түніне дейін не болатыны жайлы білім беруінде.

Қасиетті түні адам Құдайға ерекше сыйынып, шын жүректен дұға тілейтін болса, оның тағдыры өзгеруі мүмкін. Тағдыр түні «Алла, менің тағдырымды жақсы жағына өзгертші, маған жақсы тағдыр нәсіп етші» деп өлгеннен кейін де жағдайымыздың жақсы болуын сұрасақ, Аллам тағдырдың сыйын, жақсылығын береді, – деді бас имам.

Қасиетті түнді қайда және қалай өткізу керек?

Ермек Көкірекбаев Қадір түні басталғанға дейін мұсылмандардың толық дәрет алып, теріс ойлардан жаны мен жүрегін аулақ ұстауы қажет екенін айтады.

Қадір түнін мүмкін болса мешітте жамағатпен өткізу керек. Алланың разылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, дұға тілеген жөн. Көпшілікпен жасаған құлшылық ерекше болады. Сонымен қатар Құран кәрімді оқып, уағыз-насихат тыңдаған дұрыс, – деді имам.

Қасиетті түнді мұсылмандар Құдайға тәубе етумен, кешірім сұраумен, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтумен өткізуі тиіс. Қадір түні құлшылық жасап, сауапқа кенелетін ең қолайлы уақыт болып саналады.

Әйелдерге қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма?

Ислам діні әйелдерге мешітке баруға тыйым салмайды, десе олардың өз үйінде жасаған құлшылығы абзал болады.

Егер әйел Қадір түнінде мешітке ағасымен, күйеуімен барса, оның еш әбестігі жоқ. Ал егер қасында жақыны болмаса, түнді үйінде өткізгені дұрыс. Себебі әйелдердің мешіті – өзінің үйі, бөлмесі, – дейді Ермек Көкірекбаев.

Имамдар Қадір түнін қалай өткізеді?

Ибраһим мешітінің бас имамы қасиетті түнді имамдардың қалай өткізетінін айтып берді.

Кешке мешітте ауыз ашамыз. Одан кейін құптан намазын, сосын тарауих намазының 20 рәкатын оқимыз. Мешіт жамағатымен отырып, су ішіп, құрма жеп алғаннан кейін уағыз тыңдау уақыты келеді. Онда Қадір түнінің қадір-қасиеті жайлы айтылады. Кейін түнгі тәһәжүд намазы басталды. Оны оқыған соң әркім өзі жеке құлшылық жасап, дұға тілейді, – деді ол.

Ермек Көкірекбаевтың айтуынша, Қадір түнінде имамдар мешітте мұсылмандардың арасында сұрақ-жауап ұйымдастырады. Сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге жайнамаз, тәспі, құран кітап сияқты арнайы сыйлық беріледі.

Сұрақ-жауаптан кейін кофе-брейк ұйымдастырылады. Сосын имам уағыз айтады, құранның барлық, яғни 114 сүресін оқиды. Сәресі уақытында тамақтанып, таң намазын оқып, үйімізге қайтамыз, – деді имам.

Қадір түні не істеуге болмайды?

Қадір түнінде зиянды іс-әрекеттерден аулақ болу қажет.

Дінде рұқсат етілмеген дүниелерді істеуге болмайды. Темекі шегіп, ішімдік ішуге рұқсат етілмейді. Уақыт өткізу мақсатында карта, нарды ойнамап, сериал қарамау керек. Ұрысып, бос әңгіме айтуға болмайды. Қадір түні құлшылаққа арналуы тиіс, – дейді имам.

Қасиетті түнде қандай дұғаларды оқу керек?

*Ықылас сүресін – 100 рет 

Бисмилләһир рахмәнир рахим. Қуль һу уаллаһу аһаді. Аллаһус самаді. Ләм иәлиді, уә ләм иуләді. Уә ләм иәкуль ләһу куфууән ахаді.

Ықлас сүресінің қазақша мағынасы: «Алла біреу ақ. Алла мұңсыз. (әр Нәрсе Оған Мұқтаж). Ол тумады да туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес». 

*Қадыр сүресі – 100 рет 

Бисмилләһир рахманир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр.

Қадір сүренің қазақша мағынасы былай болып келеді: «1. Біз оны (құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады».

*Тілді кәлимаға келтіріп, шәхәдәні  – 100 рет
Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ
Қазақша мағынасы: Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі.

*Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ғабдуһу уә расулуһ – 100 рет.

Қазақшасы: Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және Мухаммед Оның Елшісі және құлы екендігіне куәлік беремін.

*Астәғфируллуһ – 500 рет.

Қазақша мағынасы: «Алладан кешірім сұраймын»

*Лә иләһә иллаллаһ уахдәһу лә шарикәләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ғалә кулли шәйин қадиир – 100 рет.

Айта кетейік, Қадір түнінде бір рет қадір сүресін оқу, басқа уақытта құран кәрімді хатым еткеннен де артық сауап. Қадір түні бір рет «Субханалла», бір рет «Әлхамдулилла», бір рет «Лә илаһа иллалла» деп айту 700 мың тәсбих, тахмид және тәһлилден құнды болады. Бұл түні қой сауымындай уақыт (аз уақыт) намаз оқу, ғибадат ету бір ай барлық түндерді таңға дейін ғибадат етуден де құнды.

Кімдердің дұғасы қабыл болмайды?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қадір түнінің жақсылығына құлшылық қылған барлық адамдар бөленеді, бірақ, осы төрт түрлі адам Қадір түнінің жақсылығынан құр қалады» деп ескертіп кеткен.

Бірінші, ата-анасына қарсы келген, ата-анасының көз жасына қалған, ата-анасының ашуына ұшыраған адам. Екінші, туған-туыстарымен байланысын үзген адам. Үшінші, Алла тағаланың тиым салғанына қарамастан, арақ ішіп, маскүнем болған адам. Төртінші, ызақор, кек сақтап, араз болып жүрген адамның құлшылығы қабыл болмайды, – деп атап өтті Ермек Көкірекбаев.

Қадір түні қанша уақытқа жалғасады?

Қадір түні ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға