Артем Чурсинов

Қадір түні: Ұйықтамау шарт па және қандай құлшылық жасау керек?

16.03.2026 17:20

Биыл Қадір түні  16 наурыздан 17-не қараған түні өтеді. Мұсылман баласы барынша дұға жасап, тілегін тілейді. Осы орайда, осы түнді қалай өткізу керегін, қандай дұға жасау қажетін ұсынамыз.

Қадір түні ұйықтамау шарт па?

Діни басқарманың мәліметінше, Қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс. Бірақ ұйықтамай өткізу шарт емес. Себебі Айша анамыз:

«(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес», – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр қалады», – деген.

Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршаса кішкене тынығып, кейін ары қарай құлшылығын жалғастырудың оқасы жоқ.

Қадір кешінде үйде отырып мынадай амалдарды орындай аламыз:

  • Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
  • Құптан намазында 20 рәкағат тарауық намазын оқу;
  • Құран, хадис кітаптарын оқу. Немесе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихын оқу;
  • Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкағатт нәпіл намазы оқылады.

Бұл төрт рәкағат намазға былайша ниет етіледі: «Я, Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші рәкағатта «Фатиха» сүресі, бұдан кейін үш рет «Қадір» сүресін оқу. Екінші рәкағатта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші рәкағаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Осы намазды оқып болған соң, Алла Тағаладан өзімізге, барша адамзатқа, отбасымызға амандық, ризық-несібе тілеп, бұл дүниенің және ақыреттің барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.

  • Тәспі тарту;
  • Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 бас етіп оқылады.
  • Қадір кешін мүмкіндігі жеткенше ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
  • Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.

ҚМБД мәліметінше, осындай мүбәрак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп,  көңілдерін көтеру – ең жақсы амалдардың қатарына жатады.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды  Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!